Жаңалықтар

Пайдалы гайд: инвесторды қалай іздеу керек

Инвесторды қалай іздеу керек?/Фото: kursiv.media архивінен

Инвестор табу оңай емес. Стартап, шағын бизнес иелері мен авторлық жобасы бар адамдарға осы кезең өте маңызды. Сізде идея бар, бірақ сол идеяңызға сеніп, қаражат бөлуге дайын болатын адамды қалай іздеу керек? Дайындықты неден бастаймыз? Келіссөзді қалай дұрыс жүргіземіз? Жобамызды қалай сәндейміз? Осының бәрін бүгінгі материалымызда қадам-қадаммен жіліктейміз.

Инвестор деген кім және оның қандай түрлері болады?

Инвестор — бизнестен табыс табу үшін ақша салуға дайын адам немесе ұйым.

Оның негізгі мынадай түрлері бар:

  • ФФФ (Friends, Family, Fools) — көбіне енді бастағандар жүгінетін, жеке таныстар арқылы табылатындар.
  • Бизнес-періштелер — жаңадан бастап жатқандарға дем беріп, ақша бөлетін жеке тұлғалар.
  • Венчурлық қорлар (VC) — қомақты қаржы салатындар, оларға көбіне бизнесті кеңейткісі келгендер жүгінеді.
  • Корпоратив инвесторлар — сіздің өнімізге қызығушылық танытып отырған ірі компаниялар.
  • Краудфандиң — түрлі платформа арқылы жұрт болып инвестиция құятындар.
  • Мемлекеттік гранттар мен акселераторлар.

Сізге қай кезеңде қандай инвестор керек?

  • Idea stage — басыңызда идея бар, әлі іске асыра қоймаған кезең. Бұл уақытта көбі өз ақшасына бастайды немесе бизнес-періштелер істейді.
  • MVP/прототип — краудфандиң және бизнес-періштелерге келеді.
  • Gotomarket — бұл кезеңге келсеңіз, венчурлық қорларға жүгіне бастасаңыз болады.
  • Scaleup — бұл кезеңге келгенде ірі қорлар мен корпорациялар қызығушылық таныта бастайды.

Жобаны қалай дайындаймыз?

Сізге инвестор іздеп бастамас бұрын алдымен жобаңызды «сәндеп», іші-сыртын түзеп алу керек. Яғни көрер көзге тартымды болып тұруы маңызды. Әйтпесе, құр сөзбен айтқанға бола қолыңызға ақша ұстата салуы екіталай. Тіпті сөйлейтін сөздің өзін жүйелеп, қай кезде қалай айтатыныңызды дайындалуыңыз керек. Олай болса, жобаның сырт келбетін келістіріп көрсету үшін былай істейсіз:

  • Бизнес-моделін құрастырыңыз: кім сізге клиент болады, жобаның қандай құндылығы бар?
  • Қаржылай моделін жасаңыз: қанша кіріс кіреді, шығыны қандай, минусқа кіріп кетпейтінін қалай дәлелдеуге болады?
  • Бәсекелестерге талдау жасаңыз: нарықта кімдер бар, олардан сіздің ерекшелігіңіз неде?
  • Презентация (pitch deck) дайындаңыз: қысқа-нұсқа, жүйелі, сендіре алатындай сөз болуы керек.
  • Жеке презентация: жобаның иесі сіз болғасын өзіңізді де реттеуіңіз қажет.

Кеңесіміз: Алдымен достарыңыздың алдында питч жасап көріңіз. Бас-аяғы 1 минутта айтылатын, қысқа бірақ нақты сөз болуы керек.

Инвесторды қайдан табуға болады?

  • Нетуоркиң және түрлі ивенттен: стартап-конференциялар, бизнес-клубтар, акселераторларда инвесторлар жиі жүреді.
  • Онлайн-платформалардан:
    • AngelList
    • Crunchbase
    • LinkedIn
    • Seedrs, Kickstarter, Republic (краудфандиңге)
  • Кәсіби қауымдастықтарда: мысалы Founder Institute, Y Combinator.
  • Менторлар мен таныстардан: жүзі таныс адамдар арқылы тапсаңыз, сізге сенім көбірек болады. Мүлдем бейтаныстан гөрі жақсырақ, солай емес пе? Өзіңіз де өмірде бір көрген адамға сене бермейсіз ғой. Мұнда да солай. Сізді біреу ұсынса, мақтау сөз айтса, инвестор тарапынан сенім пайда болады.

Қалай байланысқа шығамыз?

  • Ол үшін алдымен хат дайындап қойыңыз: ұсынысыңыз нақты, әдемі, жүйелі жазылсын.
  • Интро сұрасаңыз дұрыс болады: ортақ таныстар арқылы сізді біреу ұсынсын.
  • Әлдебір байланыс болғаны жақсы: жүлде алсаңыз, акселераторға қатысып жатсаңыз, бұл да инвесторға қызық болуы мүмкін.

Алғашқы хаттың үлгісі:

Қайырлы күн, [есімін жазыңыз],
Менің [есіміңіз], [жоба атауы] жобасының негізін қалаушымын. Қазір біз [проблема] мәселесін [шешім] арқылы шешуге көмектесіп жатырмыз. Жобамыз [кезең] кезеңде жүріп жатыр. Қазіргі таңда [мақсат] үшін [сома] шамасында инвестиция іздеп жатырмыз. Жобамыз сізге қызық болса, егжей-тегжейін талқылауға дайынмын. 
— [pitch deck презентацияға сілтеме]

Пичт қалай жасалады?

Питч құрылымы мынадай болады:

  1. Мәселені айтасыз
  2. Шешімін ұсынасыз
  3. Неге дәл қазір қолға алған дұрыс?
  4. Ол қалай жұмыс істейді?
  5. Нарық көлемі қандай?
  6. Бәсекелестеріңіз кім?
  7. Бизнес-модельді таныстырыңыз
  8. Командада кім бар?
  9. Қаржылай көрсеткіштерді атап өтіңіз
  10. Сізге қанша қаражат керек және не үшін?

Форматы:

  • Көзбе-көз (демо-дей кезінде, питч-сессияларда)
  • Онлайн (Zoom, видео-жазба)

Кеңесіміз: Питч адамның эмоциясын тудырып, визуал тұрғыда көрнекі әрі жүйелі болуы керек.

Қандай құжаттар дайындау керек?

  • Pitch deck (10–15 слайдтан тұрады)
  • One-pager (жобаның квинтэссенциясы ретінде 1 беттік PDF)
  • Қаржылай модель
  • Cap Table (үлестері бөлінген кесте)
  • Прототип немесе MVP
  • Құқықтық құжаттар (заңды тұлға ретінде тіркелсеңіз)

Келіссөз қалай жасалады?

  • Сізге міндетті түрде сұрақ қойылады: қандай тәуекел бар, команда кімдерден құралған, кеңейту үшін не істейсіз дегендей.
  • Бағаны тым асырып жібермеңіз —бұл кері әсер беруі мүмкін.
  • Үлесті тым көп беріп қойыңыз — болашақты ойлаңыз.
  • Бәрін жазбаша бекітіп алыңыз. Тіпті енді бастап жатсаңыз да, елемеуге болмайды.

Кеңесіміз: Сізге term sheet, негіздерін үйреніп алған артық болмайды. Әйтпесе шарттары сізге тиімсіз болып шығуы ғажап емес.

Инвестиция іздеген кезде мына қателерді жібермеңіз

  • Жоба әлі дайын болмаса;
  • Қаржылай жоспарыңыз болмаса;
  • Аудиторияны білмесеңіз инвестор іздеуді бастамаңыз;
  • Жеке-жеке хат жібермей, бәріне бірдей мәтін жіберуге болмайды.
  • Идеяңызға шынайы бағасынан жоғары баға бермеңіз.
  • Инвестордың фидбәгін ескеруіңіз керек.

Инвестиция қолда: енді не істейсіз?

  • Инвесторға есеп бересіз: ол қаражатты қайда жұмсайсыз?
  • Коммуникацияны реттейсіз— есептер, жаңартулар, метрикаларды дайындайсыз.
  • Компанияны бақылауда ұстаңыз. Қолдан шығарып алмаңыз.
  • Берген уәдеде тұрыңыз. Басында азырақ уәде беріп, нәтижесінде одан еселеп жасағаныңыз өзіңізге жақсы.

Басты кеңесіміз

Инвесторлар идеяға ғана емес, жеке адамға инвестиция салып отырмын деп ойлайды. Сондықтан өз жобаңызды жақсы көріңіз, болашағына кәміл сеніңіз, оны шын көңілмен ұсыныңыз. Сонда міндетті түрде инвестор табылады.

Еске сала кетсек, стартап жобаларға сәтті питч жасаудың құпиялары туралы жазған едік.