Ауылға баратын дәрігерлерге 8,5 млн теңге төленеді

Ауылға жұмыс істеуге баратын дәрігерлерге 8,5 млн теңге біржолғы көтерме ақы беріліп жатыр. Алайда бұл төлем аса тапшы мамандарға ғана беріледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты.
Министр ауылдық елдімекендерге жұмыс істеу үшін барған медицина мамандарына «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында әлеуметтік қолдау шаралары барын еске салды. Дәрігерлердің мәртебесін арттыру үшін әлеуметтік кепілдіктер мен ынталандырушы төлемдер пакеті кеңейтілгенін атап өтті.
«Мәселен, 2024 жылдан бастап ауылдық жерге жұмысқа келетін аса тапшы мамандықтардың медицина қызметкерлеріне 100 айлық ең төменгі жалақы (ЕТЖ), яғни 8,5 млн теңге мөлшерінде біржолғы ақшалай төлемді көздейтін норма іске асырылуда»,– деп мәлімдеді министр Үкімет отырысында.
Әлназарова аталған төлемді кейбір өңірлер бермей отырғанын айтады. Елдімекенге келген маманға арнайы төлем кешіктіріліп жатыр.
Айта кетейік, осыған дейін Ақмола облысында 12 адам жалған диплом көмегімен «Дипломмен- ауылға» бағдарламасы бойынша 30 млн теңгеге жуық төлем алғаны мәлім болды.