АвтоВАЗ алғаш рет LADA e-Aura электромобилін көрсетті

Жарияланды 29 Сәуір 2025 15:43

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
АВТОВАЗ өкілдері Lada e-Aura моделін жаппай өндіріске шығаруды жоспарламайтынын хабарлады / Фото: 5koleso.ru

Ресейлік АвтоВАЗ алғаш рет жұртшылыққа Lada e-Aura электромобилін таныстырды. Көлік Мәскеуде өткен «ЭлектроТранс 2025» көрмесінде ұсынылды.

Lada e-Aura несімен ерекше

Автокөлікке e-Largus моделінен алынған қуат қондырғысы орнатылған: ол — 163 ат күші бар синхронды үшфазалы электрқозғалтқыш, айналу моменті — 240 Нм. Бұл күштік құрылымның арқасында экологиялық таза бизнес-седан 0-ден 100 км/сағ дейін 8 секундта жеделдей алады, яғни бензинмен жүретін бастапқы модельден 4,5 секундқа жылдамырақ.

Фото: 5koleso.ru

Автокөліктің ең жоғары жылдамдығы 150 км/сағатқа шектелген. Литий-никель-кобальт-марганец аккумуляторының сыйымдылығы 56 кВт·сағ, бір толық қуатта жүру қашықтығы — 350 км. Соған қарамастан, көліктің толық массасы бар болғаны 50 келіге ғана артқан.

Lada e-Aura моделі нарыққа шыға ма

Электрлі нұсқаның жабдықтар тізімі дәстүрлі мотормен жүретін Aura-нікіне ұқсас. Көлік қара түсті, ал салоны қызыл былғарымен қапталған. Көрінбейтін аймақты бақылау, Yandeх сервисі бар мультимедиа, орындықтар мен руль, алдыңғы әйнекті жылыту жүйелері бар.  

Фото: 5koleso.ru

АВТОВАЗ өкілдері Lada e-Aura моделін жаппай өндіріске шығаруды жоспарламайтынын хабарлады. Олар бұл көлікті жасауды өздерінің технологиялық мүмкіндіктерін көрсету мақсатымен түсіндірді.

«Бұл автомобиль көрмеде брендтің даму әлеуетін көрсетуге арналған vision-жоба ретінде ұсынылды», — деп түсіндірді компанияның баспасөз қызметі.

Фото: 5koleso.ru

Айта кетейік, дәстүрлі мотормен жүретін Aura-ға сұраныс жоғары емес. «Автостат» агенттігінің дерегінше, 2025 жылдың бірінші тоқсанында небәрі 118 дана ғана сатылған. Осыны ескере отырып, егер e-Largus мысалынан бағамдасақ, бағасы едәуір қымбаттайтын электр седанға деген қызығушылық одан да төмен болуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз