Бәзбіреулер Нұрымовтар мүддесін қорғайтын адвокаттар мінген көлік болтын шешіп алған

Әлеуметтік желіде Шерзат Полаттың қазасына қатысты істе жәбірленушілердің мүддесін қорғап жүрген адвокат көлігінің дөңгелегіндегі болттардың бұралғаны түсірілген видео тарады. Ол жерде қорғаушылар бұл жайтты сот отырысынан шыққан кезде байқағанын айтқан.
«Қазір ғана сот отырысынан шықтық. Бізге жасалып жатқан қастандық па, кездейсоқтық па, Құдай білсін. Екі болтын шешіп алыпты. Жол жүрген кезде өте қауіпті жағдай бұл», – деген адовкаттар видеода.
Адвокат Мейірман Шекеев KursivMedia тілшісіне құқық қорғау органдарына арыз жазбағанын айтты.
«Арыз жазған жоқпыз, себебі бізде уақыт болған жоқ. Сот отырысынан түскі үзіліске шыққан уақытта көрдік, екі болтпен жүріп түскі асқа барып келдік. Сол жерде әлеуметтік желідегі оқырмандарымыз болт әкеліп берді. Ал кешке сот біткен соң жолға шығып кеттік. Арыз жазуға уақыт болмады», – дейді Шекеев.
Айтуынша, Талдықорған полициясы адвокаттың көмекшісіне хабарласқан. Алайда қорғаушы олардың не себепті байланысқа шыққанынан әлі бейхабар.
Айта кетейік, 2024 жылы 4 қазанға қараған түні Алматы облысы Талғар ауданында 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапты. Сол оқиғадан кейін 11 адам қамауға алынды. Қазір сотталушылар қатарында 9 адам бар.
2025 жылдың 10 сәуірінде Талдықорған қаласында Шерзат Полаттың қазасына қатысты іс бойынша соттың алдын ала тыңдауы өтті.
Істі судья Ержан Жанұзақов қарап жатыр. Мемлекеттік айыптаушылар – Дана Сәрсенбай мен Ержан Құрақбаев. Айыптау актісін мына жерден оқуға болады.
2025 жылдың 18 сәуірінде жәбірленушілерден жауап алынды. Бірінші болып Шерзат Полаттың әжесі сотта жауап берді. Одан кейін марқұмның анасы Гүлбара Бишембиевадан жауап алынды. Жәбірленуші Қаржаубай Нұрымов жанжалдың неден басталғанын айтып берді.