Үш жылда мемлекетке 1,13 трлн теңгенің активі қайтарылды – Антикор

2022 жылдан бері мемлекетке 1 трлн 130 млрд теңгеден астам актив қайтарылды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды KursivMedia.
«2022 жылдан бері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 1 трлн 130 млрд теңгеден астам активті қайтаруды қамтамасыз етті. Активтердің едәуір бөлігі шетелден қайтарылды. Мұндай активтердің сомасы – 670 млн АҚШ доллары, бұл шамамен 300 млрд теңге. Оның ішінде Австрия, Лихтенштейн, БАӘ, Түркиядан қайтарылған қаражат бар», – деді Бигайдаров.
Айтуынша, Активтерді қайтару комитетімен бірлесіп жүргізілген жұмыстың нәтижесінде Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімімен мемлекет пайдасына 5 млрд теңгеден астам қаржы, зергерлік бұйымдар және қымбат мүліктер қайтарылған.
«Жүргізілген тергеу іс-шаралары мен жиналған материалды талдау барысында бұл активтердің сатып алыну көздерінің заңдылығына күмән туды. Сондай-ақ олардың құны заңды табыс көлеміне немесе өзге де заңды қаржы көздеріне сәйкес келмейтіні анықталды», – деді Бигайдаров.