«Астана Банкінің» іздеуде жүрген бұрынғы акционері Олжас Тоқтаровқа үкім шықты

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Олжас Тоқтаров 10 жылға сотталды/коллаж kursiv.media

«Астана Банкі» директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Олжас Тоқтаровқа сот үкімі шықты. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ресми өкілі Данияр Бигайдаров мәлімдеді.

Үкім 2025 жылдың 22 сәуірінде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында шыққан. Сотталғандардың қатарында «Астана Банкі» АҚ бұрынғы топ-менеджменті және қызметкерлері бар.

Сот «Астана Банкі» АҚ Директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы және мажоритарлық акционері Олжас Тоқтаровты агенттік қызмет көрсету және банкроттыққа дейінгі кезеңде Алматы қаласындағы бизнес-орталықтың бақылауындағы компанияның пайдасына заңсыз иеліктен шығару түріндегі банктің ақшалай қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп таныды.

Тоқтаров жалпы сомасы 14 млрд теңгеден асатын тұрғын үй, әкімшілік және өндірістік объектілер, құрылыстар, жер учаскелері, бағалы қағаздар мен криптовалюталар түріндегі мүлкі тәркіленіп, 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ оның қарамағындағылар «Астана Банкі» АҚ филиалының, бөлімінің бұрынғы басшылары мен менеджерлері кінәлі деп танылды. Қылмыстық қудалау органымен және сотпен ынтымақтастықты, кінәні мойындауды және құқыққа қайшы әрекеттерді ашуға жәрдемдесуді ескере отырып, сот оларға бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Астана Банкінің» бұрынғы акционері Олжас Тоқтаровқа іздеу жариялады. Данияр Бигайдаров Олжас Тоқтаровтың қазір де іздеуде екенін мәлімдеді.

2024 жылдың қыркүйегінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Олжас Тоқтаровтың ауыр қылмыс жасады деп күдікке ілігуіне байланысты, оған шақырту қағазын жіберген болатын. Агенттік күдіктінің Қазақстан аумағынан тыс жерде жүргенін, сол себепті күдіктіні шақыру туралы хабарламаны бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарландыру жіберіп жатқанын ескертті.

Құзырлы орган ескертпесіне сәйкес Тоқтаров 26 қыркүйек сағат 11:00-ге дейін агенттіктің әкімшілік ғимаратына келуге тиіс болған.

Сондай-ақ оқыңыз