Экология саласында екі жарым жылда 70 жемқорлыққа қатысты қылмыс тіркелді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі кейінгі екі жылда экология саласында 70 қылмыстық істі анықтады. Бұл туралы агенттіктің ресми өкілі Данияр Бигайдаров брифинг барысында мәлімдеді.
«Соңғы екі жылда жемқорлық қылмысын жасауда Шығыс Қазақстан облысы бойынша экология департаментінің екі басшысы және басшы орынбасарлары, Ұлытау облысы экология департаменті басшысы және басшы орынбасары, Қызылорда облысы экология департаменті басшысының орынбасары, Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасары, «Алакөл» мемлекеттік қорығының директоры, мемлекеттік «Семей орманы» және «Ертіс орманы» орман резерваттарының, «Сайрам-Өгем» және «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директорлары әшкереленді», – деді Бигайдаров.
Айтуынша, «Ертіс Орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында орманды жымқыру мақсатында А.Бектеміров құрған ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды.
Ол бас директор бола тұра, А. Бегімбетов, И. Валиев, К. Телегенев және А. Бейсекеновтің қарамағындағы резерват қызметкерлерін қылмыстық әрекетке тартқан.
Ұйымдасқан топтың қатысушылары жіберілетін ағаштың түрі және оның көлемін төмендету туралы нақты мәліметтерді бұрмалау жолымен орманды жымқырумен жүйелі негізде айналыса отырып, резерват кассасына оның құнының номиналды төлемін жасаған.
Қылмыс іздерін жасыру үшін Бектеміров ішкі істер органдарына орманды заңсыз кесу және жымқыру фактісі бойынша келтірілген залал туралы жалған ақпарат берген.
Қылмыстық іс-қимылдар нәтижесінде оның басшылығымен жалпы сомасы 150,5 млн теңгеге 8,2 мың текше метр іскерлік орман ұрланған.
Резерват аумағынан ағашты заңсыз жібергені үшін ол 3 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін пара алған.