
2026 жылдан бастап Қазақстанда жеке тұлғаларға тұтынушылық несие беру талаптары айтарлықтай күшеймек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) банк мен микроқаржы ұйымдарға қатысты жаңа ережелер жобасын жариялады. Бұл өзгерістер халықтың шамадан тыс қарызға батуының алдын алуға бағытталған.
Борыш жүктемесі коэффициенті есептеледі
2026 жылдан банктер мен микроқаржы ұйымдары кәсіпкерлік мақсатта қарыз бермес бұрын, клиенттің қарыз жүктемесін есептеуге міндетті болмақ. ҚЖК стандартты түрде 50% деңгейінде белгіленеді, бірақ автокөлік пен тұрғын үйді кепілге қойып берілетін несиеге бұл талап қолданылмайды.
Егер қарыз алушы соңғы 12 ай ішінде кредитін 90 күн кешіктіріп төлеген болса, онда оның БЖК төмен деңгейде, яғни 0,25 ретінде есептеледі. Бұл дегеніміз – ол адамға жаңадан несие алу қиындайды.
Сонымен қатар, соңғы үш жыл ішінде қарыз кешірілген, несиесін тиімсіз қайта құрылымдаған және 1 ай несие төлемін кешіктіргендерге 5 жылдан асатын мерзімге тұтынушылық несие беруге тыйым салынады.
Егер мұндай қарыз үш жылдан артық мерзімге берілсе, онда ол жоғары тәуекелді деп бағаланып, банктер мұндай несие үшін 3,5 есе көп қор қалыптастыруы керек болады (яғни, тәуекел коэффициенті 350%).
Тағы бір маңызды жаңалық — құмар ойындарға қатысатын азаматтарға қатысты. Егер адам соңғы жарты жылда букмекер мен казиноларға 300 мың теңгеден астам ақша аударса және мұны кемінде алты рет қайталаса, ол «ойынға тәуелді» адам ретінде саналып, оның борыш жүктемесі көрсеткіші екі есе қысқартылады (яғни 25% болады).
Кредитін қайтара алатыны қалай тексеріледі?
Клиенттің төлем қабілетін анықтауда банк оның табысын, шығынын, отбасы мүшелерін және басқа да мәліметтерді есепке алады.
Мысалы, соңғы алты айдағы ресми табыс, зейнетақы қорына аударымдары, банктік түсімдер, дебеттік картамен жүргізілген шығындар, депозиттердегі қозғалыстар секілді ақпараттар ескеріледі.
Кейбір жағдайда жұмыс орнынан анықтама, студенттерге стипендия туралы қағаз, таксистерге – тасымалдан түскен табыс жайлы деректер де қажет болуы мүмкін. Ал жеке кәсіпкерлер салық декларациясын тапсыруы керек.