Банк пен қаржы

Теңге құнсызданады: сарапшылар Қазақстан экономикасына қатысты болжамын нашарлатты

Сарапшылар қандай болжам жасап отыр / Фото: shutterstock

Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы (AERC) Қазақстан экономикасына қатысты болжамын қайта қарады. Сарапшылар 2025 жылы экономикалық өсімнің баяулайтынын, инфляция мен теңге бағамының әлсірейтінін, ал бюджет тапшылығының арта түсетінін атап өтті.

Экономика өсімі баяулайды

Сарапшылардың болжамына сәйкес, 2025 жылы Қазақстан экономикасы 4,4–4,5% деңгейінде өседі. Бұл — қаңтар айындағы болжамдардан сәл төмен. Өсімнің баяулауы негізінен тұтынушылық сұраныстың әлсіреуіне байланысты. Қымбатшылық халықтың нақты табысына теріс әсер етіп жатыр.

Дегенмен, негізгі капиталға салынған инвестициялар жоғары болмақ. Бұған мемлекеттік қолдау мен бірқатар жобалардың жүзеге асуы ықпал етпек.

Инфляция қайта күшейіп жатыр

Наурыз айында жылдық инфляция 10%-ға жетіп, ақпанмен салыстырғанда біршама өскен. Осыған байланысты жылдық орташа инфляция болжамы 9,8%-ға дейін көтерілді (бұған дейін 7% болады деген болжам бар еді). Әсіресе азық-түлік, қызмет көрсету және коммуналдық тарифтер қатты қымбаттады Бұл халықтың сатып алу қабілетіне қысым түсіріп отыр.

Теңге әлсіреп, доллар қымбаттайды

Мұнай бағасының төмендеуі мен әлемдік нарықтағы тұрақсыздық теңгеге де әсер етіп жатыр. 2025 жылға орташа доллар бағамы 512,8 теңге деңгейінде болмақ. Бұл — қаңтардағы 490 теңгелік болжамнан айтарлықтай жоғары.

Алайда, экспорт көлемінің өсуіне байланысты ағымдағы шот дефициті біршама төмендеп, ЖІӨ-нің шамамен 7,1%-ы деңгейін құрауы ықтимал. Бұл мұнай өндіру көлемінің артуымен байланысты.

Бюджет тапшылығы артады

Мемлекеттік бюджеттің негізгі кіріс көзі — салықтар. 2025 жылы корпоративтік және жеке табыс салығынан түсетін табыс өседі деп болжанып отыр. Алайда, шығындардың артуына байланысты бюджет тапшылығы 2,4% деңгейінде болады. Бұған дейін бұл көрсеткіш төмен болады деп күтілген.

Ұлттық қордан түсетін трансферт көлемі 2025 жылдың алғашқы тоқсанында 40%-ға қысқарған. Бұл — мұнай нарығындағы тұрақсыздықтың тікелей әсері

АҚШ-тың жаңа сауда тарифтері (соның ішінде Қазақстаннан баратын импортқа 27% баж салығын салды ) қазіргі таңда ел экономикасына тікелей әсер етпейді. Себебі, Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын тауарлардың көпшілігі бұл шектеулерге жатпайды. Алайда жаһандық сауда шиеленістері мұнай бағасына және инвестициялық ахуалға кері әсер етпек.

Бұған дейін Дүниежүзілік банк те Қазақстан экономикасына қатысты болжамын нашарлатқан.