Home Credit банк ForteBank-ке сатылатыны туралы ақпаратты жоққа шығарды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі

Home Credit Bank әлеуметтік желілерде тарап жатқан банктың ForteBank-ке сатылуы туралы ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы банктің басқарма төрағасы Кирил Бачваров ресми мәлімдеме жасады.

«Әлеуметтік желілерде таралатын ақпарат әрдайым шындыққа жанаса бермейді. Біз Қазақстан заңнамасына сәйкес жұмыс істеп, реттеуші талаптарын және клиенттер алдындағы барлық міндеттемелерімізді орындаймыз», – деді Бачваров.

Бұған дейін Telegram-дағы «Ручная экономика» арнасы өз дереккөздеріне сүйене отырып, ForteBank топ-менеджерлері Талғат Қуанышев пен Тимур Исатаев Алматыдағы Home Credit бөлімшесіне келіп, банкты сатып алу бойынша келіссөздер жүргізгенін хабарлаған еді. Сол ақпаратта мәміле мамыр айының соңына дейін аяқталуы мүмкін делінген.

Home Credit Bank қазіргі таңда Чехияның ең бай әйелі, Рената Келлнероваға тиесілі PPF халықаралық тобына қарайды. Оның байлығы 19 млрд долларға бағаланып, Forbes-тің әлемдік рейтингінде 104-орынға ие. PPF тобы соңғы жылдары Home Credit-тің жаһандық активтерін кезең-кезеңмен сатып, құрылымын оңтайландырып келеді.

Атап айтқанда, 2022 жылы топ Ресейдегі Home Credit-ті Совкомбанкке сатқан. Бұған дейін Қытай, Үндістан, Вьетнам, Индонезия және Филиппин нарықтарындағы активтерінен де шыққан. Чехия мен Словениядағы Home Credit бөлімшелері PPF-тің басқа активі — Air Bank құрамына енген. Ал Қазақстандағы Home Credit — топтың портфеліндегі сатылмаған соңғы бөлімше болып отыр.

Айта кетейік, ForteBank-тің ең ірі акционері – Болат Өтемұратовқа банктің 90,91% акциясы тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз