Алматыға туристер көп келетін болған: қала туризм орталығына айнала ала ма

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Алматыға шетелден келетін туристер саны 2024 жылы 26,9%-ға артқан / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Соңғы бірнеше жылда Алматы қаласына ше телден келетін туристер саны да, ішкі туристер саны да артқан. Бұл туралы KursivMedia редакциясына Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шетелден келетін туристер саны артқан

Әкімдіктің мәліметінше, Алматыда туристік сала қарқынды дамып келеді. оған соңғы жылдардың статистикалық көрсеткіштері куә. Мәселен, 2024 жылдың қорытындысы бойынша туристердің жалпы саны 14,8%-ға өсіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3 млн адамды құраған. Оның ішінде шетелдік туристер саны 26,9%-ға өсіп, 686,3 мың адамнан асқан. Бұл екі жыл бұрынғы көрсеткіштермен салыстырғанда едәуір көп. 2023 жылы Алматыға шетелден 540,7 мың адам келген.

Ал ішкі туристер саны 1,6 млн адамды құраған. Бұл 2023 жылдың статистикасымен салыстырғанда 10,4%-ға артық. 2023 жылы ішкі туристер саны 1,4 млн адамды құраған.

Туризмнен түсетін табыс

Туристік ағынның өсуі әдетте негізгі капиталға инвестициялардың ұлғаюымен қатар жүреді. Мәселен, 2024 жылы туризмнің негізгі капиталына салынған инвестициялар 110,9 млрд теңгеге жетіп, 2,1%-ға ұлғайған. Ал осы кезеңде саладан түскен салық түсімдерінің көлемі 90,7 млрд теңгені құрап, 2023 жылғы көрсеткіштен 1,9 есе артқан.

Статистика

Әкімдік статистикасына қарасақ, оңтүстік шаһарға келетін туристер саны жыл сайын артып келеді. 2022, 2023 және 2024 жылдары Алматыға келген жалпы туристері саны мынадай:

  • 2022 – 1 809 368 (+48,3%)
  • 2023 – 2 038 414 (+12,6%)
  • 2024 – 2 340 314 (+14,8%)

Ішкі туристер саны:

  • 2022 – 1 392 015 (+31,6%)
  • 2023 – 1 497 673 (+7,6%)
  • 2024 – 1 653 959 (+10,4%)

Шетелдік туристер:

  • 2022 – 417 353 (2,5 есе) (+157%)
  • 2023 – 540 744 (+29,5%)
  • 2024 – 686 355 (+26.9%)

Ресей мен Үндістаннан келетін туристер көп

Бір қызығы, Алматыға Үндістаннан келетін туристер көп екен. Мысалы, 2024 жылы Үндістан елінен келген туристер саны 2,4 есе өсіп, 115 мың адамды құраған. Ал екінші орында Қытай тұр. Бұл елден келетін азаматтар саны 50%-ға артып, 99 мың адамға жеткен. Содан кейін АҚШ-тан келетін туристер саны басым. Мұхит асып келетін америкалық туристер саны 2024 жылы 34,4%-ға артқан.

Сонымен бірге Түркиядан келетін қонақтар саны 12%-ға, Оңтүстік Кореядан келетін туристер саны 3,2%-ға артқан. ТМД елдерінен келетін туристер саны бойынша Ресей бірінші орында тұр. Бұл елден Алматыға 2024 жылы 155 мың турист келген.

Ал ішікі туристер саны өткен жылы 10,4%-ға өсіп, 1,6 млн адамға жеткен. Қазақстандықтар үшін Алматы – белсенді, мәдени және гастрономиялық демалыс орталығы ретінде тартымды.

Туристерді тарту үшін қандай шаралар жүргізіледі?

Алматы туризм басқармасы 2025 жылы қаланың туристік әлеуетін белсенді дамытып, Қытай, Үндістан, АҚШ, Қатар, Малайзия, БАӘ және Сауд Арабиясынан келетін туристер санын арттыруды көздеп отыр.

«Биыл Алматының туристік имиджін жақсарту бойынша бірқатар жобалар жоспарланған. Қаланың туристік әлеуетін дамыту және туристерді көбірек тарту үшін инфрақұрылымды дамытуды, Алматының халықаралық нарықта ілгерілеуін және заманауи маркетингтік құралдарды енгізуді қамтитын кешенді тәсіл іске асырылатын болады», – делінген әкімдік хабарламасында.

Қалада қонақүйлер салу жоспарланып отыр. Мұндай қонақүйлер бойынша қазіргі таңда 40 жобаға мониторинг жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, 11 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр, олардағы нөмірлер санын қосатын болсақ, бас-аяғы 1 357 нөмірді құрайды. Сондай-ақ 29 нысан жобалау сатысында. Бұл нысандардағы қонақтар тұрақтайтын нөмірлердің жалпы саны 4 340 болмақ.

Әкімдік жоспарына сәйкес алдағы бірнеше жылда мынадай жұмыстар атқарылады:

  • 2025 жылы 9 қонақ үй (1 037 бөлме);
  • 2026 жылы 16 қонақ үй (2 447 бөлме);
  • 2027 жылы 15 қонақ үй (2 195 бөлме).

Қонақүйлерге қатысты барлық жоба 2027 жылы аяқталады. Бұл қаланың нөмірлік қорын ұлғайтуға, сондай-ақ туристердің мегаполисте болуының жайлылығын арттыруға мүмкіндік береді.

«Бұл жобалар жергілікті және шетелдік саяхатшылардың қажеттіліктерін қанағаттандыру арқылы қаланың туристік инфрақұрылымының сапасын айтарлықтай жақсартады», – делінген әкімдік хабарламасында.

Халықаралық көрмелер

Бұдан бөлек, 2025 жылы Алматының жаһандық туристік нарықтағы позициясын одан әрі нығайту үшін 9 халықаралық туристік және 4 халықаралық MICE көрмелеріне қатысу жоспарланған.

«2025 жылы Алматыда туризмді дамыту бойынша маркетингтік стратегиялар дербестендірілген таргетингтің, бағдарламалаудың және жетекші туристік платформалармен интеграцияның үйлесіміне негізделетін болады. Біз әртүрлі онлайн арналар арқылы туристерді барынша тиімді тартуға мүмкіндік беретін ақылды digital науқандарына назар аударамыз», – деп хабарлайды әкімдік.

Бұл орайда түрлі цифрлық платформалардың мүмкіндіктері пайдаланылады. Сондай құралдардың бірі – бағдарламашы Amadeus. Бағдарламашы арқылы жарнама жүргізіліп, саяхатты белсенді жоспарлап төлемге қабілетті аудиторияға шығуға мүмкіндік бар.

Сондай-ақ, Алматы TripAdvisor, Expedia және eDreams — платформалар арқылы ілгерілейтін болады, онда пайдаланушылар турларды брондап қана қоймай, сонымен қатар көрікті жерлер туралы пікірлерді, ұсыныстарды және мазмұнды зерттейді.

Spotted by Locals саяхатшыларды бірегей маршруттармен және қаланың шынайы келбетін қалыптастыратын орындармен қызықтыруға көмектеседі.

«Біз туристік секторымыз үшін негізгі нарықтардың бірі — Алматыны Қытайда ілгерілетуге ерекше назар аударамыз. Біз WeChat-пен тығыз байланысты елдің ең үлкен саяхат платформаларының бірі Tongcheng Travel-пен интеграцияланамыз. Бұл бізге бейімделген турларды, арнайы ұсыныстарды және ыңғайлы брондау тетіктерін ұсына отырып, Қытай аудиториясымен таныс Қызметтер арқылы жұмыс істеуге мүмкіндік береді», – делінген баспасөз хабарламасында.

Айта кетейік, жақында премьер-министр Олжас Бектенов PGI Management компаниясының президенті Джоан Виладоматпен кездесіп, Алматыда тау кластерін дамыту мәселелерін талықалады. Компания көмегімен қалада тау кластерін дамыту арқылы 2029 жылы туристер санын 2 млн-нан 7,5 млн-ға дейін арттыру көзделіп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз