Жаңалықтар

Мектеп директорына өзін Антикор төрағасы ретінде таныстырған алаяқ ұсталды

банктер алаяқтық
Алаяқ Антикор басшысы ретінде мектеп директорын алдамақ болған / Фото: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі соңғы кезде алаяқтардың Антикор басшысы ретінде хабарласып, халықты алдауға көшкенін хабарлады. Баспасөз қызметінің мәліметінше, олар құзыретті орган басшысы ретінде қоңырау шалады.

«Қазіргі уақытта өзін Антикор Төрағасы ретінде ұсынып, әртүрлі мәселелерді шешу үшін оның атынан қоңырау шалатын алаяқтық жағдайлары жиілеп кетті», – деп хабарлайды агенттік.

Мысалы, әлеуметтік желілердің бірінді өзін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Төрағасы Асхат Жұмағали ретінде таныстырған адам Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының Жуалы ауданы мектептерінің бірінің директорына хабарласқан. Әңгіме барысында алаяқ өзінің жеке мәселелерімен хабарласып тұрғанын айтып, оны заңсыз жолмен шешу мәселесін көтерген.

Агенттік хабарлауынша, директорды алдамақ болған алаяқ дер кезінде анықталған.

Алаяқтар Facebook және Instagram, WhatsApp, Telegram және т.б. мессенджерлерде аккаунт ашып, оны өздерінің заңсыз мақсатында пайдаланады. Сол үшін құзырлы орган мұндай қауіпті қоңыраулар мен хабарламалар алған жағдайда Қазақстан Республикасының Құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға кеңес береді.

«Олар Агенттіктің басшылығы мен лауазымды тұлғалары аттарын жамыла отырып азаматтарды алдау және алаяқтық жолмен пайда табу үшін телефон қоңырауларын жасайтындығын еске саламыз. Мұндай алаяқтық қоңырауларға сенбеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге, сондай-ақ қолма-қол ақша аудармауға шақырамыз», – деп ескертеді агенттік.

Сонымен бірге баспасөз қызметі агенттік басшысының ешкімге жеке мәселемен қоңырау шалмайтынын да ескертті.