Жаңалықтар

Депутат Базарбек медициналық сақтандыру қорын ақшаға тоймайтын «құбыжыққа» теңеді

Бақытжан Базарбек
Бақытжан Базарбек Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын құбыжыққа теңеді / Фото: t.me/mazhilis_kz; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Депутат Бақытжан Базарбек Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (ӘМСҚ) халықтың сенімі азайғанын, ал қорды бүгінгі күні мемлекеттің қаражатын жеп, тоймай жатқан «құбыжыққа» теңеді.

«Азаматтар МӘМС жүйесі өзін қорғайтынына еш сенбейді. Өйткені қордың шенеуніктері қомақты қаражатқа бақылау жүргізіп, оны жосықсыз мақсаттарда пайдаланады. МӘМС қаражатынан кейбіреулер пайда тауып жатқандай көрінеді. Ал енді Заң көмегімен біз Денсаулық министрлігінің құзыретін күшейтуді көздейміз», – деді депутат.

Базарбек кезінде шенеуніктердің бюрократиядан арылту желеуімен министрліктен барлық қадағалау және бақылау функциялары алынып тасталғанын, салдарынан үлкен қаржат ағыны мен медициналық қызмет сапасын бақылау функциясы толықтай қордың өзіне өткенін айтты. Депутат мұны қате шешім деп санайды. Өйткені абсолютті билікке ие болған қорда бірқатар заңсыздықтарға жол беріліп жатады.

«Нәтижесінде ӘМСҚ-ны ешкім қадағаламайтын болды және ол барлық қаражатты өзі басқара бастады. Солайша азаматтарға ескертпестен, мәжбүрлі медициналық тіркеу схемасы пайда болып, алаяқтық жәй ақау ретінде тіркеле бастады. Өзіне берілген абсолютті биліктің арқасында қор – бағындыру қиын құбыжыққа айналды. Біз МӘМС-ке бөлінген мемлекеттік қаражатты жұтып жатқан бұл құбыжықты өзіміз қолдан жасадық. Оның қызметі ұлттың денсаулығына оң әсер етіп жатқан жоқ. ӘМСҚ жемқорлық пен ұрлықтың ошағына айналды», – деп ашынды депутат.

Базарбек тіпті Жоғары аудиторлық палата тексеріп, олқылықтар анықтағаннан кейін де қордың заңсыздықтарға барған филиалдарының басшылары қылмыстық жауапкершілікке тартылмай, тек тәртіптік жауапқа тартылғанын айтты. Сонымен бірге осындай заңсыздарға қатысы бар бірқатар оқиғаларды атап өтіп, осы олқылықтарды түзеу үшін бір топ депуттаттар бірігіп, жаңадан әзірленіп жатқан заңға өзгеріс енгізу туралы ұсыныс бергенін жеткізді.