Саяжайында шөп өртегендер 78 000 теңге айыппұл төлейді

Саяжайында шөп өртегендер 78 000 теңге айыппұл төлейтін болды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі түсініктеме берді.
Демалыс маусымы басталып, күн жылынған кезде саяжайына келіп, табиғат аясында демалуды ұнатпайтын адам жоқ шығар. Бірақ етті көмірде қуыру ережесін бұзса, ондаған мың теңге айыппұл салынуы мүмкін екенін біле бермейді.
Ашық от жағуға тыйым
Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми түсіндіруіне сәйкес, саяжайда от жағуға және қоқыс өртеуге тыйым салу — жаңалық емес. Бұл талап 2006 жылдан бері қолданыста. Өрт қауіпсіздігі ережелерінің 140-тармағында, ал қазіргі нұсқасында 174-тармақта жазылған.
Ауа райы ыстық, құрғақ және желді болған кезде кейбір әрекеттерге қатаң тыйым салынады. Саяжайында шөп өртегендерге салынатын айыппұл да көрсетілген.
Ол қандай әрекеттер?
Атап айтқанда, ашық от жағуға, қоқыс пен құрғақ шөп өртеуге, арнайы белгіленбеген жерлерде көмір жағуға, уақытша пештер мен ошақтарды пайдалануға болмайды.
Ауа райы қолайлы болса (желсіз, аптап ыстық болмаса), отты ғимараттар мен құрылыстардан кемінде 50 метр қашықтықта және арнайы белгіленген жерде жағуға рұқсат беріледі. Сонымен қатар от бақылауда болуы тиіс.
Кәуап пісіруге де болмай ма?
Заңды бойынша кәуапты тек мангал, гриль немесе барбекюде пісіру қажет. Ол тұрғын үй мен құрылыстардан кемінде 10 метр қашықтықта тұру керек. Жаныңызда кемінде 10 литр су немесе өрт сөндіргіш болуы тиіс.
Мангалды ағаштың астына, шатыр астына немесе құрғақ шөп жанына қоюға болмайды.
Ереже бұзсаңыз не болады?
ТЖМ ескерткендей, бұл талаптарды бұзу ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 410-бабы бойынша жауапкершілікке әкеп соғады. Айыппұл мөлшері 78 000 теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Дрон арқылы бақылау
Блогер Владимир Кириченконың айтуынша, елдің кейбір өңірлерінде өрт сөндірушілер саяжай аумақтарын дронмен бақылауды бастаған.
Қысқасы, Қазақстанда кәуап пісіру үшін қауіпсіздік ережесін сақтау міндетті.
Мұның алдында тұрғын үйлерде ереже бұзғаны үшін салынатын айыппұл туралы жазған едік.