Депутат Ардақ Назаров ажырасқандарға салық салуды ұсынды

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров ажырасқан қазақстандықтарға салық салып, ажырасуды тіркеу үшін жоғары баж салығын енгізуді ұсынды. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған депутаттық сауалында жазылған.
Депутат хатында Ұлттық статистика бюросының ресми деректеріне сүйенеді. Оның жазуынша, 2023 жылы елімізде 120,8 мың неке тіркелсе, соның 40,2 мыңы – ажырасумен аяқталған.
«Оның сыртында бейресми ойраны шыққан отбасылар қаншама? Осындай айдың, күннің аманында шаңырағы ортасына түскен отбасылар кесірінен бүгінде 400 мың әйел мен 60 мың еркек – жалғыз басты отбасы кебін құшып отыр. Бұл не деген сұмдық?», – дейді Назаров.
Елдегі демографиялық жағдайға байланысты депутат бірнеше ұсынысын айтады:
- Ажырасуға өтініш білдірген ерлі-зайыптылардың арызын қабылдамас бұрын арнайы мемлекеттік баж немесе жарна төлеуге міндеттеу. Назаровтың сөзінше, төлем көлемі едәуір жоғары болуы керек.
- Ажыраспақшы болған жұпты татуластыру үшін қоғамдастық кеңестері, ардагерлер алқасы, имамдар, әйелдер кеңесін пайдалану
- Жас отбасыларды қолдауға бағытталған «Жас отбасы» ұлттық бағдарламасын әзірлеу
- Үйлену тойын өткізу кезінде кең көлемді ақпараттық-идеологиялық науқан жүргізу.
«Ажырасу тек екі адамның тағдыры ғана емес, бүтін бір ұрпақтың, қоғамның, мемлекеттің мәселесі. Сондықтан бұл мәселені тек жеке отбасы деңгейінде емес, ұлттық қауіпсіздік пен тұрақтылық тұрғысынан қарауымыз қажет», – дейді мәжіліс депутаты.
Осыған дейін, Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев былтыр 124 мыңнан аса жұптың тең жартысы ажырасып кеткенін айтқан. Ал биыл жыл басында алимент өндіруге қатысты 283 мың құжат болған.