Банк пен қаржы

Ұлттық қордан бөлінетін трансферт көлемі артқан сайын, инфляция өседі

Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ұлттық банктің ұйымдастыруымен Алматыда «Жаһандық және ішкі шоктар жағдайында ақша-кредит саясаты мен қаржы тұрақтылығы» атты V ғылыми-практикалық конференция өтті. Мамандар елдегі ақша массасы мен инфляция арасындағы байланысқа зерттеу жасап, қорытындысын жариялады.

Ұлттық банк сарапшыларының түсіндіруінше, елдегі ақша массасы артқан сайын инфляция деңгей де жоғарылай түседі.

«Ақша массасының 10%-ға өсуінен бір жыл ішіндегі жалпы инфляция 0,8 пунктке жоғарылауына әкеледі және әкелді де», – деді зерттеуге қатысқан сарапшы Адам Жүзбаев өзінің баяндамасында.

Дегенмен Ұлттық банк өкілдері соңғы үш жылдағы ақша массасы бойынша нақты цифрды айтудан бас тартты.

«Қазіргі уақытта ақша массасы бойынша нақты цифрлар ұсына алмаймыз. Бірақ белгілі бір мәселелер бар екенін айту керек. Бізде барлық бағалау бар және олардың әділ, толық болғанын қалаймыз», – дейді Адам Жүзбаев.

Оның сөзінше, 2022 жылы инфляцияның жылдамдағаны байқалған. 2023-2024 жылдары тұрақтала бастады. Осы тәрізді 2022 жылдың соңы мен 2023 жылдың басында елдегі ақша массасының көлемі өсті. Бірақ 2023 жылдың соңына қарай және былтыр өсу қарқыны төмендеді. Ол инфляциялық қысымды шектеуге мүмкіндік берді.

Ақша массасы деген не?

Ақша массасы — бұл елдегі айналымда жүрген барлық ақша қаражаттарының жиынтығы. Яғни халықтың, кәсіпорындардың, банктер мен басқа да ұйымдардың қолындағы және банктердегі барлық ақша.

Адамдарда ақша көп болған сайын тауарлар мен қызметтерге деген сұраныс артады. Бұл жағдай инфляцияны одан әрі күшейтуі мүмкін. Ал ақша массасы азайса, экономика баяулап, рецесияға әкелуі мүмкін. Ақша массасы – бұл экономиканың «қан айналымы», ал оны дұрыс басқару – Ұлттық банктің маңызды міндеттерінің бірі.

2000-2023 жылдар аралығындағы деректерге талдау жасаған мамандар Қазақстанда ақша массасының шамадан тыс өскен үш кезең болғанын анықтады. Дәл сол уақытта инфляциялық серпілістер қатар жүрген. Соңғы жылдары бюджет Ұлттық қордан бөлінетін трансферт көлемін арттырды. Бұл да инфляция көлеміне әсер етпей қоймайды.

«2025–2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамудың болжамының (ӘЭДБ) бірінші кезеңінде 1,6 трлн теңге көлемінде қарастырылған мақсатты трансферт көлемі екінші кезеңде 3,25 трлн теңгеге дейін ұлғайса, бұл жылдық жинақталған инфляцияның 0,3 пайыздық тармаққа өсуіне алып келеді», – деді Жүзбаев.

Биыл билік Ұлттық қордан  5,2 трлн теңге (2 трлн – кепілдендірілген, 3,6 трлн – нысаналы трансферт) қаржы алуды жоспарлап отыр. Дегенмен Салық Кодексі қабылданып, қосылған құн салығының мөлшері көтерілгеннен кейін, қордан қаржы алуды азайтамыз деп сендірді. 2026 жылдан бастап Ұлттық қордан алынатын кепілдедірілген трансферт көлемі жылына 2 трлн теңге, ал нысаналы трансферт оның 30%-нан аспауы тиіс.  

Осы жылы наурыз айында инфляция 10%-ға жетті.