Қазақстанға тиімсіз: мұнай бағасы тағы түсті

Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 63 доллардан төмен түсіп кетті. Мұнай бағасы әлем нарығында қатты арзандаса, оның зардабын Қазақстан экономикасы тартады.
Лондондағы ICE биржасында Brent-тің шілдеге арналған фьючерстерінің құны 1,28%-ға арзандап, материал жарияланған сәтте бір баррель 62,45 доллар болып тұр. Осылайша «қара алтын» жарты ай бұрынғы деңгейге қайта оралды.
Мұнай бағасы әлем нарығында бірде көтеріліп, бірде түсуіне жаһандық сауда соғысы мен OPEC+ ұйымының өндірісті ұлғайту шешімі әсер етті. Инвесторлар ең ірі екі экономика – АҚШ пен Қытай арасындағы текетірестің ұзаққа созылып кеткенін ескерді.
Оның үстіне бүгін сәуірдің соңғы күні. Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы мамырда өндірісті 411 мың баррельге өсіру жөнінде шешім қабылдаған. OPEC+ елдерінің мұндай қадамға баруына Қазақстанның квота тәртібін сақтамауы да себеп болған. Ұйымға мүше елдер енді мамырдың басында кездесіп, маусым айына арналған өндіріс көлемін анықтайды.
Қазақстан үшін мұнай бағасының жоғары болғаны тиімді. Өйткені республика экономикасы мұнай шикізатының экспортына тәуелді. Оның үстіне 2025 жылғы бюджетте мұнайдың бір баррелі 75 доллар деп есептелген.
Бұған дейін Goldman Sachs сарапшылары мұнай бағасы 40 долларға дейін түсіп кетуі мүмкін деп болжаған.
«Ал егер мұнай бағасы 40 доллар шамасына дейін төмендесе, бұл Қазақстан экономикасы үшін өте ауыр соққы болмақ. Мұндай жағдайда теңгенің қаншалықты құнсызданатынын болжау қиын», – дейді қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев Kursiv.Media-ға.
Мұнай экспорттаушы елдер мен оның серіктестері 5 мамырда видеоконференция ұйымдастырып, маусым айына жоспарды талқылайды. Дереккөздер мәліметіне сенсек, ұйым бұл жолы өндірісті күніне қосымша 138 мың баррельге арттыру жоспарынан бас тартып, мамырдағыдай 411 мың баррель туралы шешім қабылдауы мүмкін. Инвесторлар мұнай өндіруші ұйымға мүше елдердің мамырдағы кездесуіне ерекше назарда ұстап отыр.