Lifestyle

Қытай туризмін дамытуға Димаш Құдайберген көмектеседі

Димаш Құдайбергенді Қытайдағы түрлі шараларға жиі шақырады / фото: dimashnews

2025 жылы Қытайда ел ішін аралаған жергілікті туристер 1 трлн доллар көлемінде ақша жұмсайды деп болжанды. Бейжің экономиканы дамыту үшін түрлі концерттер мен мәдени шаралар өткізіп жатыр. Солардың біріне қазақ эстрадасының жұлдызы Димаш Құдайберген де қатысты.

Қытайлар көп саяхаттайды

Дүниежүзілік саяхат және туризм жөніндегі кеңес мәліметінше, құрлық аралаған қытайлар биыл 2024 жылға қарағанда 19% көп ақша жұмсайды (968 млрд доллар).

Bloomberg дерегінше, Қытай билігі бүкіл ел бойынша мәдени және туристік іс-шараларды екі есе көп ұйымдастыруға күш салып жатыр. Өйткені Бейжің АҚШ-тың салық саясатының салдарын азайтуға жолдарын іздейді. Елде үйге жақын өңірлерге автокөлікпен, пойызбен саяхаттау сәнге айналып келеді.

Сейсенбі күні Қытай мәдениет және туризм министрлігі 2025 жылға арналған концерттер мен патриоттық «қызыл туризм» жоспарын жариялады. Бейжің әсіресе жалпыұлттық ауқымды мерекелерге көп көңіл бөліп отыр.

Димаш және қытай жанкүйерлері

Солардың бірінде қазақ және әлем эстрадасының жұлдызы Димаш Құдайберген де өнер көрсеткен. Ол қаңтардың аяғында «Көктем фестивалі» мерекесінде ән шырқады. 32 млн халқы бар Чунцин қаласындағы ауқымды концертке жергілікті әншілер де қатысты. Бірақ жұрттың көбі Димаштың дауысын естуге жиналды.

Димаш Құдайберген Қытайға жиі шақырылады. Оның жұлдызы бірнеше жыл бұрын дәл осы елдегі I’m a singer ән байқауында жанған. Dimash’тың аспан асты елде жанкүйерлері көп. Жергілікті тұрғындар оны «димаси» деп атайды.

Димаш Қазақстан туризмін дамытуға да айтарлықтай үлес қосып жүр. Мәселен, жақында оның Ақтау қаласындағы концертіне 100 мың адам жиналған.