Су басуы мүмкін: Есіл деңгейі бір күнде жарты метрге көтерілді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Құтқарушылар Есіл өзені бойындағы аймақтарда су тасқынымен күресіп жүр / фото: ТЖМ

30 сәуірдегі жағдай бойынша, Қазақстанның солтүстігіндегі Есіл өзенінің деңгейі бір тәулікте 50 сантиметрге дейін көтерілді. «Қазгидромет» ескерту жариялады. Солтүстік Қазақстанда бірнеше елдімекеменді су басу қаупі күшейді.

Су облыс орталығына дейін жетті

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, құтқарушылар қазір Петропавл қаласы маңындағы Заречное ауылында су тасқынын болдырмау үшін тәулік бойы еңбектеніп жүр.

«Есіл өзені тасып, елдімекендерді басып қалмас үшін үздіксіз жұмыс жүріп жатыр. Жүзу құралдары мен түнгі кезекшіліктегі құтқарушылар тұрақты өткел ұйымдастырды. Соның арқасында тұрғындар қажетті азық-түлік, дәрі-дәрмек және басқа да бірінші кезектегі қажетті заттарды алды», – деп хабарлайды ТЖМ.

Құтқарушылар мәліметінше, мұнда су бұру, өзен деңгейін төмендету үшін 16 мотопомпа, 34 бірлік арнайы техника жұмыс істейді. Ауыл маңында 241 құтқарушы жүр.

Есіл деңгейі көтерілді

Бұл уақытта «Қазгидромет» Есіл өзені деңгейі қатты көтеріліп жатқанын ескертті. Кәсіпорын мәліметінше, Солтүстік Қазақстандағы Покровка ауылы маңында өзен деңгейі бір тәуліктің ішінде 57 сантиметрге көтерілді. Мұнда өзен деңгейі 1246 см дейін көтерілген. Қалыпты деңгей 1300 см деп бағаланды.

Сонымен бірге, осы өңірдегі Новоникольское ауылы маңындағы гидробекетте су деңгейі көтерілді. Мұнда тәулік ішінде 45 см-ге көтерілді. Өзен деңгейі – 1476 см (қауіпті деңгей – 1549 см).

Су қоймасынан асып кетті

«Қазгидромет» мәліметінше, Сергеев су қоймасы бөгетінің ернеуінен асып төгіліп жатыр. Соған байланысты бөгеттен төменгі жақтағы өзен деңгейі көтерілді. Су деңгейі одан әрі қарай көтеріліп, қауіпті деңгейден асып кетуі мүмкін деп ескерттік мемлекеттік кәсіпорын.

«Қауіпті деңгейден асып кеткен жағдайда, елдімекендерді, шаруашылық құрылыстарды және өзен ағысынан төмен орналасқан жергілікті маңызы бар жолдарды су басу қаупі күшейеді», – деп хабарлайды «Қазгидромет».

Петропавл қаласындағы  гидрологиялық бекетте су деңгейі көтерілді. Мұнда бір күнде су 22 см-ге жоғарылаған. Бекеттегі су деңгейі – 1116 см (қауіпті деңгей – 1130 см).

«Осы деңгейге жеткен жағдайда теміржол төсемесінің шайылуы мүмкін», – деп ескертті Қазгидромет.

Өңірдегі Долматово ауылындағы гидробекетте су деңгейі көтерілді. Мұнда бір тәулікте 31 см-ге көтерілді. Су деңгейі – 1393 см (қолайсыз деңгей – 1430 см; қауіпті деңгей – 1450 см). Осы деңгейге жеткенде ауылдың бір бөлігін (тұрғын үйлерді) су басуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз