Қазақстанды жазалау: арабтар OPEC+ елдерін мұнай өндірісін арттыруға көндіреді

Сауд Арабиясы OPEC+ ұйымына мүше елдерді шикізат өндірісін арттыруға үгіттейді. Арабтар картел тәртібін бұзған Қазақстанды осылай жазалайды. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады.
Арабтар Астананы жазалау науқанын жүргізіп жатыр
Мұнай экспорттаушы елдердің кезекті отырысы 5 мамырда онлайн форматта өтеді. Ұйымға мүше елдер осы кездесуде 2025 жылғы маусым айында өндірілетін мұнай көлемін анықтайды.
Мұнай трейдерлерінің пікірінше, Сауд Арабиясы алдағы дүйсенбіде OPEC+ елдерін өндірісті ұлғайтуға көндіреді. Себебі арабтар картелдің тәртіп бұзған мүшелерін жазалау науқанын жүргізіп жатыр деп жазды агенттік.
Bloomberg зерттеуіне қатысқан трейдерлер мен сарапшылардың 60%-ы ұйымның ықпалды мүшелері Сауд Арабиясының уәжіне келіседі деп есептейді.
Әзірге ұйым мұнай өндірісін нақты қаншаға арттыруы мүмкін екені белгісіз, бірақ түрлі болжамдар айтылып жатыр. Мәселен, бір ай бұрын OPEC+ 2025 жылғы мамырда бір тәуліктегі өндірісті 411 мың баррельге дейін арттырып, трейдерлердің есін шығарған. Артынша әлем нарығында «қара алтын» құны күрт құлдыраған. Сол кезде картел өкілдері осындай шешім қабылдауға Қазақстанның квотаны сақтамауы себеп болғанын айтқан.
Мұнай трейдерлерінің айтуынша, Эр-Рияд осындай қадамға АҚШ президенті Дональд Трамппен байланысын нығайту үшін де баруы мүмкін. Ақ үй басшысы мұнай экспорттаушыларды отын құнын түсіруге үгіттеп жүр. Оның үстіне, Трамп Иранмен ядролық келісімге отыруға мәжбүрлеп жатыр. Сауд Арабиясы Иранның мұнай экспорты қайда өркендегенін қаламайды. Сол себепті арабтар Құрама Штаттар басшысының көңілін табуға тырысады.
Қазақстан және мұнай
Сәуірдің соңғы күні әлем нарығында мұнай қайтадан арзандады. Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 63 доллардан төмен түсіп кетті. Мұнай әлем нарығында қатты арзандаса, оның зардабын Қазақстан экономикасы тартады.
Бұған дейін Қазақстанның энергетика министрі Ерлан Ақкенженов ұлттық мүдде OPEC+ алдындағы міндеттерден жоғары деп мәлімдеген. Қазақ министрінің бір ғана осы сөзі мұнайдың арзандауына алып келген.
Трамп мұнай құнын 40 долларға дейін түсіруге уәде берген. Бұған дейін Goldman Sachs сарапшылары мұнай 40 долларға дейін арзандауы мүмкін деп болжаған.
Айта кетейік, Қазақстанның 2025 жылға арналған бюджетінде мұнайдың бір баррелі 75 доллар деп есептелген. Әлем нарығында мұнай арзандаған сайын ұлттық валюта – теңге құнын жоғалтатын жағымсыз үрдіс бар.