Солтүстікте Есіл өзенінің тасуынан аралға айналған ауыл (фоторепортаж)

Солтүстік Қазақстан облысында Есіл өзеніндегі су деңгейінің көтерілуінен Прибрежное ауылы аралға айналды. Оның жан-жағын су басып қалды. Бүгін осы ауылға өңір әкімі барды.
СҚО әкімдігінің хабарлауынша, облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов су тасқыны салдарынан аралға айналған Прибрежное ауылында болды. Ол ауылды судан сақтап тұрған бөгетті нығайту жұмыстарын тексерді.
«Қатты жел мен биік толқындарға қарамастан, бөгет су қысымына төтеп беріп тұр. Құтқарушылар, әскерилер мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері тәулік бойы жұмыс істеп жатыр», – деп хабарлайды СҚО әкімдігі.

«Олардың қиын жағдайдағы жанқиярлық еңбегі зор құрметке лайық. Біз тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және инфрақұрылымды сақтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатырмыз. Жағдай бақылауда», – деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желіде.

Әкімдік мәліметінше, 1500 адам бөгеттерді нығайтумен айналысып, судың тұрғын үйлерге өтіп кетуіне жол бермей жүр. Мұнда 160 техника бар. Жұмыс бір сәт тоқтамайды. Құтқарушылар тәулік бойы жұмыс істейді.

Естеріңізге сала кетейік, Есіл өзенінің деңгейі бір тәуліктің жарты метрге көтерілді. «Қазгидромет» өңірде бірнеше елдімекенді су басу қаупі туып тұрғанын ескертті.

«Қазгидромет» мәліметінше, Солтүстік Қазақстандағы Сергеев су қоймасы бөгетінің ернеуінен асып төгіліп жатыр. Соған байланысты бөгеттен төменгі жақтағы өзен деңгейі көтерілді.
Есіл бойындағы бірнеше елдімекенді су басуы мүмкін
Петропавл қаласындағы гидрологиялық бекетте су деңгейі көтерілді. Мұнда бір күнде су 22 см-ге жоғарылаған. Бекеттегі су деңгейі – 1116 см (қауіпті деңгей – 1130 см).
Бір күн бұрын әкім Ғауез Нұрмұхамбетов Есіл өзенінің бойындағы су басқан Заречное кентіне қайықпен барған.
Өңірдегі Прибрежное, Заречное, Долматово, Новоникольское, Покровка ауылдарын су басу қаупі туып тұр. Облыс орталығы маңында да Есіл өзенінің деңгейі айтарлықтай көтерілді.
Петропавл қаласындағы гидрологиялық бекетте су деңгейі көтерілді. Мұнда бір күнде су 22 см-ге жоғарылаған. Бекеттегі су деңгейі – 1116 см (қауіпті деңгей – 1130 см).
«Осы деңгейге жеткен жағдайда теміржол төсемесінің шайылуы мүмкін», – деп ескертті Қазгидромет.