Тіл білмейтін саяхатшыларға арналған лайфхактар

Әлем аралау үшін міндетті түрде тіл білу керек деген ереже жоқ. Әрине, асылында бірнеше тілді меңгеріп, емін-еркін сөйлесетін деңгей болғаны керемет. Десе де, осы күнге дейін саяхатқа шығуға тіл білмейтініңіз кедергі болып жүрсе, осы қорқынышыңызды сейілтетін уақыт жеткен сыңайлы. Бастапқыда тіл білмей, кейін біртіндеп үйреніп кете аласыз. Бастысы, осыны өзіңізге челлендж ретінде қабылдасаңыз жеткілікті. Бүгінгі материалымызда бейтаныс елге барғанда бір сөз де білмей-ақ қалай оң-солды танып, керегіңізді сұрап алудың жолдарын бөлісеміз.
Алдымен мықты дайындық керек: сонда сапарыңыз сәтті болады
Ең бірінші кеңес: офлайн-карталар мен аударма жасайтын қолданбалар жүктеп алыңыз
- Google Maps интернет бар жерде керемет жұмыс істейді. Бірақ байланыс жоқ кезде де істеуі үшін алдымен баратын аймақтың картасын сақтап алсаңыз жеткілікті. Сонда көшелерді, ғимараттарды, маршруттарды қарап отыра аласыз. Бірақ бір жерден екінші жерге жаяу қалай жүруге болатынын тек интернетпен қарауға болады. Оған қоса, рейтиң, суреттер мен пікірлер де офлайн-картада көрінбейді.
- Maps.me де солай. Бармас бұрын керек мемлекеттің картасын жүктеп аласыз да, интернет жоқ болса да қолдана бересіз.
- Google Translate пен DeepL арқылы офлайн-аударма жасауға болады. Ол үшін шетелге шығардан бұрын өзіңізге керек тіл пакетін жүктеп алуыңыз керек.
- Функция «перевод по фото» в Google Translate қолданбасында «сурет бойынша аударатын» функция бар. Яғни нұсқаулық, мәзір, маңдайшалардағы жазуларды түсінбей жатсаңыз, бар болғаны соны суретке түсіріп аласыз да, қолданбаға жүктейсіз. Сонда сізге не жазылғанын аударып береді. Тіпті ағылшын сияқты әлемдік тілде жақсы сөйлейтіндердің өзі кей халықтың жергілікті тілін білмегенде осы функцияны қолданады.
Жиі айтылатын, өте маңызды деген сөздер мен тіркестерді жазып алыңыз
Lingopal немесе Simply Learn деген сияқты қолданбаларда сондай кең таралған фразаларды қосып, тыңдатуға болатын функция бар. Мысалы:
- «Дәретхана қай жерде?»
- «Мынау қанша тұрады?»
- «Мен сіздің тіліңізде нашар сөйлеймін. Сәл ақырын айта аласыз ба?»
Өзіңізге керек локацияларды скриндеп алыңыз
Сөйтіп оны телефонға галереяға сақтап қойыңыз. Атап айтқанда:
- Жергілікті тілде қонақүйіңіз қалай аталатынын;
- Сізге жеуге болатын және болмайтын тамақтардың атауын (мысалы шошқа етін жемейтін болсаңыз, сол барған елдің тілінде сондай ескертпенің скринін көрсете аласыз);
- Медициналық деректерді де скриндеп алған жөн (не нәрсеге аллергияңыз бар, қаныңыз нешінші топ дегендей).
Ымдап үйреніңіз
Сөзбен түсіндіріп әуре болмаңыз, сіздің қазақшаңызды ол түсіне қоймайды. Бірақ оның орнына ымдап көрсетсеңіз, бір-біріңізді ұға аласыздар.
- Жымиыс, мимика, іс-қимыл дегендер сізге жақсы көмектеседі. Лайк/дизлайк сияқты белгілермен біраз нәрсе түсіндіре аласыз.
- Эмодзи қолдансаңыз болады. Point It секілді қолданбалар немесе телефоныңызда бар эмодзилерді пайдаланып, не керегін түсіндіруге болады. Ол да ымдаудың бір түріне жатады. Заманына қарай — амалы.
Суреттерін көрсетіп түсіндіруге болады
Дәріханадан дәрі алуыңыз керек болып қалса, фармацевтке не керек болса соның суретін көрсетіңіз. Болмаса, дүкеннен нан іздесеңіз, нанның суретін көрсете салыңыз. Тұрып алып еске түсіре алмай, былдырлап түсініксіз бірдеңе айтқаннан осы әдіс жақсырақ.
Локация мен маршрут таңдағанда мұқият болыңыз
Шалғай жатқан провинцияларға баруға құмар болмаңыз
Егер сіз тіл білмейтін болсаңыз, жеткілікті деңгейде меңгеріп алғанша турист көп баратын елдерден бастаған дұрыс. Ол жерде қисық болса да ағылшыныңызды түсінетін адамдар табылады. Ал алыс ауылдарда көбіне жергілікті тілде ғана сөйлейді.
Баратын қонақүйіңіздің қызметкерлері қай тілде сөйлейтінін алдын-ала біліп алыңыз
Booking немесе Airbnb сынды платформаларда хосттың тілін таңдауға болады. Оған қоса, пікірлерді шолып шықсаңыз, ресепшндегілердің қандай екені туралы жазады.
Технологиямен дос болыңыз
Сізге сенімді серік болатын қолданбалар:
- SayHi Translate — сіз бен қасыңыздағы адамның арасындағы әңгімені демде аударып беріп отырады.
- iTranslate Voice — сөздерді өз тіліңізде айтасыз, ол керек тілге аударып береді.
- TripLingo — жай ғана аударма жасап қоймай, жергілікті сленгтерді де жақсы біледі.
Гаджеттер:
Автомат түрде аударма жасайтын смарт құлаққаптар бар. Мысалы Timekettle WT2 Edge немесе Google Pixel Buds деген сынды. Жергілікті халықпен етене араласатын саяхатшылар көбіне осы гаджетті тағып жүреді.
Қолмен жазып алатын не шығарып алатын сөздер
Бұған дейін маңызды фразалар туралы айтқан едік. Оған қоса мына сөйлемдерді жаныңыздан тастамас үшін шығарып алсаңыз тіпті жақсы:
- «Мен [тіл] тілінде сөйлей алмаймын. Маған мына жерге баруға көмектесіңізші»
- «Мен құрамында[глютен/шошқа/сүт] бар тамақтар жемеймін»
- «Менің [дәрі/азық-түлік] аллергиям бар»
Берер кеңесіміз: осы фразаларды карта ретінде қолмен жазып алыңыз немесе шығарып алыңыз. Әсіресе, баламен саяхаттайтындар ескергені абзал.
Өзіңізді сенімді ұстаңыз
Бүкіл жерде психология өте маңызды рөл ойнайды.
Адамдар өзін сенімді ұстайтын, сабырлы адамдарға көбірек көмектеседі. Тіпті бұрын-соңды көрмеген бейтаныс адам болса да, соларға қол ұшын береді. Ал қобалжып, өзіңізді бір түрлі ұстасаңыз, жауап бермей бұрылып кетуі әбден мүмкін.
- Сөйлегенде көзіне тік қараудан ұялмаңыз
- Қобалжымаңыз, жанықпаңыз
- Әлдене сұрамас бұрын жымиып, жылы шырай танытыңыз.
Болмай бара жатса, сол тілде сөйлейтін досыңыздан көмек сұраңыз
Қазір видеобайланыс жасау өте оңай. Сондықтан ымды түсінбей жатқан адамның өзіне түсіндіруге болады. Ол үшін:
- Сізге керек тілде жақсы сөйлейтін досыңызға алдын-ала ескертіп қойыңыз. «Мен саған хабарласып, көмек сұрауым мүмкін. Мен қоңырау шалғанда алуға тырысшы» деп қойыңыз. Сөйтіп видео арқылы хабарласып, мәселені түсіндірсеңіз болады.
- Couchsurfing немесе Tandem платформалары арқылы жергілікті тұрғындар іздеп көріңіз. Көбі саяхатшыларға қуана-қуана көмектеседі.
Сөз соңында айтарымыз: қысылмаңыз!
Тіл білмегенде тұрған ештеңе жоқ. Тіл — мәдениет алмасу құралы. Қолдан келгенше айтуға тырысып, барын салғанын көргенде жергілікті халық өзі-ақ іліп әкетіп жатады. Мейлі қате сөйлесеңіз де, тілге деген құрметіңізді көрсетсеңіз, оның өзі — жеңіс. Білмеген жерде ымдап жібергеннен қысылмаңыз. Ол ұят нәрсе емес. Кейін күліп еске алып отырасыз. Саяхат сонысымен қызық.
Тобықтай түйін:
Заманауи технологиялар адамдарға тіл білмей-ақ шетел асып, жаңа мәденитпен танысуға мол мүмкіндік береді. Тіл дегеніміз сөзден ғана тұрмайды. Бастысы— байланыс орнатуыңыз. Соған баса мән беріңіз. Әлбетте, әр сапардан кейін сөздік қорыңыз байи түседі. Бұл — өте жағымды өзгеріс. Еске сала кетсек, бұған дейін саяхаттағанда керек болатын 10 гаджетке