Жаңалықтар

«Қамыстыбас» балық питомнигі метрология заңнамасынын өрескел бұзған

Қамыстыбас» балық питомнигі сертификаттарсыз өлшеу құралдарын пайдаланған / Фото: Shutterstock, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қызылорда облысындағы «Қамыстыбас» балық питомнигі сертификаттарсыз өлшеу құралдарын пайдаланып, метрология заңнамасын өрескел  бұзғаны мәлім болды.

Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті хабарлауынша, балық питомнигін жоспарлы тексеру барысында өлшеу құралдарының талапқа сай еместігі анықталған.

«Комитеттің аумақтық бөлімшесі жүргізген жоспарлы тексеру барысында тексеру туралы қолданыстағы сертификаттарсыз өлшеу құралдарын пайдаланған. Заңнаманың бұзылуы жануарлар дүниесін қорғауға, өсімін молайтуға және пайдалануға, орман шаруашылығын жүргізуге, сондай-ақ табиғи су ресурстарымен жұмыс істеуге байланысты қызметті жүзеге асыру кезінде сенімсіз өлшеу құралдарын пайдаланғаны анықталды»,– делінген хабарламада.  

Комитет өкілдері метрологиялық бақылауға жататын өлшеу құралдары пайдалануға берілгенге дейін, жөндеу жүргізілгеннен кейін және одан әрі пайдалану процесінде міндетті түрде тексерілуі тиіс екенін айтады.

Заң бұзу фактісі бойынша мекеменің лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қазіргі уақытта кәсіпорын анықталған заң бұзушылықтарды жою және қызметті метрологиялық нормаларға сәйкес келтіру бойынша шаралары жүріп жатыр.

«Қамыстыбас» балық питомнигі жекешелендіріле ме

Айта кетейік, Қамыстыбас елдегі ірі тәлімбақтардың бірі. Ол бірнеше су айдындарын балықпен қамтып отыр. Дегенмен  аталған тәлімбақта осыған дейін де шу шыққан болатын. Өткен жылы «Қамыстыбас» балық питомнигі жекешелендірілетін кәсіпорындар тізіміне енген еді. Алайда мемлекеттік мекеменің қызметкерлері бұл бастамаға қарсы шықты.