«ЭКСПО ісі» қайта қарала ма – депутат сот үкіміне «протест» жасауды талап етті

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Депутат Бапи Ермегияевті заңсыз сотталды деп есептейді / Фото: Асқар Ахметуллин

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи «ЭКСПО ісін» қозғап, Бас прокурордан сот үкіміне «протест» беруін сұрады. Депутат дәлелсіз Талғат Ермегияевке жүктелген айыпты заңсыз деп есептейді.

Мұрат Омаровтың сұхбатындағы тың деректер

Соңғы күндері әлеуметтік желілер мен медиада қызу талқыланып жатқан тақырыптардың бірі – бұрынғы ЭКСПО-2017 Ұлттық компаниясы басқармасы төрағасының орынбасары Мұрат Омаровтың сұхбаты. Депутат Бапидің айтуынша, осы сұхбатта «ЭКСПО жемқорлығына» қатысты жаңа жағдаяттар жария етілген.

Мұрат Омаров өз сұхбатында бұл қылмыстық істі «жалған айыптармен құрылған, қолдан жасалған» деп бағалап, Бас прокуратура мен сол кездегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік басшысы Қайрат Қожамжаровты ашық айыптады. Ол нақты бір адамның – басқарма төрағасына кеңесші ретінде бекітілген Айдос Есполовтың бірнеше рет пара алғанын мәлімдейді. Алайда бұл тұлға тергеу кезінде «анықталмаған» деп танылып, жауапкершіліктен сытылып кеткен.

«Оны «анықталмаған тұлға» деп, қылмыстық істің фигуранттары қатарынан алып тастауға ықпал еткен экс-премьер-министр Кәрім Мәсімов пен «Антикордың» экс-төрағасы Қайрат Қожамжаров деп көрсетеді сұхбат беруші. Міне, сұхбатта айтылған басқа айыптауларды есепке алмағанда, қоғамға кеңінен тараған осы жазғыруға қатысты тиісті органдар тарапынан жауап берілуі тиіс еді. Бірақ біздің Бас прокуратура мен «Антикордың» ресми өкілдері ауыз ашпады»,  – деп мәлімдеді депутат.

Ермұрат Бәпи Бас прокурор Берік Асыловтан төмендегі маңызды мәселелер бойынша ресми тексеріс жүргізуді сұрады:

  • Сот процесінде «анықталмаған тұлға» ретінде танылған, шын мәнінде параны алған адам кім? Неліктен тергеуден алынып тасталды?
  • Қылмыстық істе «пара алған адам» ретінде көрсетілмеген адамның орнына дәлелсіз түрде Талғат Ермегияевтің сотталуына не себеп болды?
  • Пара берген тұлға кім? Егер алушы бар болса, беруші де болуға тиіс емес пе?
  • Психикалық ауруы бар куәгер сот процесіне қалай тартылды? Сот алдында есептен шығарылып, кейін қайта тіркеуге алынған бұл жағдай заң бұзушылық емес пе?
  • «Рона» ЖШС-нің офшорға ақша аударуы неліктен тергеу назарынан тыс қалды?

Жақиянов, Ахметов, Қажыгелдин…

«Әділет ешқашан жартыкеш болмайды. «Әділетті Қазақстан» идеясын қалыптастыру үшін ақиқатты анықтайтын кез келді. Бұл сияқты «пара беру» және «жемқорлық» желеуімен қудаланған, ал анығында, кезіндегі жеке дара билік «қолынан жетектеп апарып соттатқан» тұлғалардың қатарында – арғысы Әкежан Қажыгелдин мен Ғалымжан Жақияновтан бастап, бергісі – Серік Ахметов пен Жақсылық Досқалиевқа дейін бірқатар қиянатты істер бар. Бас прокуратура бұларды да толық реаблитация жасауға бастама жасайтын уақыт болды деп есептеймін!« , – деді Бапи.

Депутат бұл істі «жаңадан ашылған жағдайлар» ретінде бағалап, Бас прокуратурадан істі қайта қарап, сот үкіміне протест білдіруді талап етті. Ол «Әділетті Қазақстан» идеясы шын мәнінде жүзеге асуы үшін, саяси себеппен сотталған тұлғалардың істеріне қайта баға беру қажет деп санайды.

ЭКСПО ісі…

ЭКСПО-2017 құрылысына бөлінген 565 млрд теңге көлеміндегі қаржының 10 млрд теңгесі жымқырылды деген айыппен 23 адам сотталған еді. Алайда бұл іс бойынша жаңа фактілердің жариялануы мен құқық қорғау органдарының үнсіздігі – істің әділдігіне қоғам тарапынан күмән тудырып отыр.

 

 

 

Сондай-ақ оқыңыз