АҚШ-тан пошта арқылы есірткі жеткізбек болған қазақстандық 16 жылға сотталды

АҚШ-тан пошта арқылы есірткі жеткізбек болған қазақстандық 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Көлік прокуратурасы хабарлады.
Прокурорлардың мәліметінше, күдік тудырған сәлемдеме елордадағы «Қазпошта» кедендік аймағында анықталған. Жөнелтілім басқа тауар түрі ретінде жасырылған.
«Қазпошта» АҚ Кедендік бақылау аймағында Астана қаласында 1,2 кг гашиш майы тәркіленді. Сонымен қатар, айыпталушының тұрғылықты жерін тінту кезінде Алматыда 4,38 грамм оралған мефедрон табылды«,– делінген хабарламада.
Елордадағы қылмыстық істер жөніндегі сот астаналық тұрғынды есірткі контрабандасы және оларды өткізу бойынша айыпты деп танып, 16 жылға бас бостандығынан айырды.
Айта кетейік, 2024 жылғы қарашада Астанада тағы екі есірткі сатушыға үкім шыққан болатын. Олар АҚШ-тан поштамен есірткі алып отырған. Екі сәлемдемеден шамамен бір келі гашиш және жеті грамм тетрагидроканнабинол психотроптық заты табылған. Сол кезде сот оларды тиісінше 18 және 8 жылға бас бостандығынан айырды.