
Енді миллиондап айлық алатындар МӘМС-ке де көбірек жарна төлеуі мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі жарнаны есептеу базасының жоғарғы шегін 50 ең төменгі жалақыға дейін арттыруды ұсынып отыр. Ал МӘМС-ке мемлекет жарналары 5 %-ға дейін өседі.
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр.
МӘМС-ке енгізілетін өзгерістер
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова МӘМС-ке мемлекет жарналарының мөлшерін біртіндеп арттыру көзделіп отырғанын айтады. Ұсынылып отырған өзгеріс 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енуі мүмкін. Қазір жарна есептеу 10 ең төменгі жалақы шегімен шектелсе, жаңа өзгеріске сәйкес бұл көрсеткіш 50-ге дейін ұлғайтылмақ.
«Бұл өзгерістер барлық жалдамалы қызметкерлердің шамамен 9%-ына немесе 508 мыңға жуық адамға және олардың жұмыс берушілеріне қатысты болады. Себебі қазіргі кезде табысы жоғары адамдар пропорционалды түрде аз төлейді», – дейді министр Ақмарал Әлназарова.
Әлназарова әлемдік тәжірибеде табыс деңгейі бойынша шектеу еш жерде қолданылмайтынын айтады. Осылайша министрлік МӘМС жарналарының регрессивті салық салуынан бірыңғай шкалаға көшуді жоспарлап отыр.
Жұмыссыздар үшін МӘМС жарнасын әкімдіктер төлейді
Сондай-ақ, ресми тіркелген жұмыссыз азаматтардың МӘМС жарналарын төлеу шығыстарын жергілікті бюджеттерге жүктелуі мүмкін. Осылайша, ДСМ 2026 жылға дейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қосымша 1 миллионнан астам адамды тартуды жоспарлап отыр. Бұл шаралар сақтандырылмаған халықтың медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Мемлекеттік жарналар өседі
Министрлік 2027 жылдан бастап мемлекет тарапынан МӘМС жарналарының мөлшерлемесін кезең-кезеңімен 2%-дан 5%-ға дейін көтеруді деп жоспарланып отыр (әр екі жыл сайын 0,5%-ға). Бұл – 2015 жылы қабылданған алғашқы қаржылық модельге ішінара оралуды білдіреді.
Денсаулық сақтау министрі Әсел Әлназарова депутаттардан аталған заң жобасын қолдауды сұрады.