
Қазақстанның көптеген қаржы ұйымдары ESG-есептілікті жасау практикасын және экологиялық және әлеуметтік тәуекелдерді басқару жүйесін енгізіп жатыр. Қазіргі уақытта бұл шаралар ерікті. Алайда алдағы жылдары олар қаржы реттеушісінің талабы бойынша міндетті болады деп жоспарланып отыр.
Қазақстан үшін – бұл инвестициялық тартымдылықты арттыру және қаржылық орнықтылықты қолдау мүмкіндігі. Қаржы ұйымдары алдағы өзгерістерге қалай дайындалып жатқаны және қаржы секторы алдында қандай мүмкіндіктер ашылатыны туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова мен Қазақстандағы IFC Халықаралық қаржы корпорациясының (Дүниежүзілік банк тобы) басшысы Зафар Хашимов айтып берді.
– Мәдина Ерасылқызы, сұхбаттарыңыздың бірінде сіз орнықты даму қағидаттарына негізделген қаржы нарығын дамыту Агенттіктің басымдықтарының бірі екенін атап өттіңіз. Ағымдағы экономикалық жағдайларда Қазақстан үшін ESG-күн тәртібінің маңыздылығын қалай бағалайсыз?
– Шынында да, тұрақтылықты нығайту, экономиканы қаржыландыруды ынталандыру, қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ инновацияларды енгізу сияқты міндеттермен қатар ESG-практикаларын енгізу Агенттіктің басым міндеттерінің бірі болып табылады.
Көміртегі бейтараптығына қол жеткізу, Метан шығарындыларын қысқарту жөніндегі жаһандық бастамаға қосылу сияқты Қазақстанның климаттық міндеттемелерін ескере отырып, қаржы институттары капиталды экологиялық және әлеуметтік тұрғыдан жауапты жобаларға бағыттауда маңызды рөл атқарады.
Сонымен қатар ESG-қағидаттары инвестициялық шешімдер қабылдаудың маңызды өлшемшарты болып қала береді. Бұл ESG- тәсілдерін белсенді енгізетін қаржы институттарының алдында капиталды тарту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қазақстан сияқты дамушы нарықтар үшін мұндай интеграция аса маңызды болып отыр, себебі ол қаржы жүйесіне деген сенімді нығайтуға ықпал етеді және инновацияларды ынталандырады.
– Зафар Расулович, ESG-күн тәртібі әлемдік қаржы секторында қалай дамуда және сіздің ойыңызша, оны Қазақстанда енгізу қалай іске асырылады?
– ESG-күн тәртібі жаһандық қаржы секторының маңызды бөлігі және компаниялар мен қаржы институттары үшін стратегиялық қажеттілік болып табылады. Климаттық және әлеуметтік қауіптер туралы хабардарлықтың артуы, реттеудің күшеюі және мүдделі тараптардың күтулері ESG-ді орнықты дамудың ажырамас факторына айналдырады.
Халықаралық инвесторлар осы салада ашықтықты талап етеді, ал реттеушілер міндетті ESG-есептіліктің міндетті стандарттарын енгізеді. Қазақстан Орталық Азияда стратегиялық әлеуетке ие бола отырып, өңірдегі басты ойыншы мәртебесін бекіте отырып, ESG-қағидаттарын енгізу бойынша елеулі қадамдар жасауда.
Қазақстан қаржы секторы үшін ESG-қағидаттарын реттеушілік деңгейде бекіткен Орталық Азиядағы бірінші ел болғаны, шын мәнінде, маңызды. Агенттік ESG-ақпаратты жария ету және экологиялық және әлеуметтік тәуекелдерді басқару жөніндегі нұсқауды ұсынды, сол арқылы деректерді міндетті түрде жария етуге біртіндеп көшуге мүмкіндік берді.
Қаржы секторын дайындау үшін халықаралық сарапшылардың қатысуымен оқыту бағдарламалары өткізілуде. Мұндай жүйелі жұмыс нарықтың ашықтығын арттыруға және халықаралық қаржыландыруға қол жеткізуді жеңілдетуге ықпал етеді.
– Мәдина Ерасылқызы, қазіргі кездегі еліміздің қаржы ұйымдарының орнықты даму стандарттарын енгізуге және қаржылық емес ақпаратты жария етуге деген ұмтылысын қалай бағалайсыз?
– Қазақстанның қаржы ұйымдары орнықты даму стандарттарын біртіндеп енгізгісі келеді және ESG олардың стратегиялық тәсілінің маңызды бөлігіне айналуда. Ұйымдар ESG-практикаларын интеграциялау инвестициялар тартуға, клиенттердің сенімін арттыруға және нарықтағы позицияларын нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын түсінеді.
Реттеушімен және нарықтың басқа да қатысушыларымен ынтымақтастық ESG-қағидаттарын тиімді енгізу үшін қажетті жағдайларды қалыптастыруға ықпал етеді. Алайда, қаржы ұйымдарының жаңа талаптарға бейімделуге және өз қызметіне орнықты тәжірибелерді енгізуге дайындығы негізгі фактор болып қала береді.
2023-2024 жылдары Агенттік IFC қолдауымен Қаржы секторының ESG және орнықты қаржыландыру саласында хабардар болуын арттыру жөніндегі жол картасын әзірледі. Сараптамалық әлеуетті дамытуға бағытталған оқыту семинарлары, дөңгелек үстелдер және басқа да іс-шаралар өткізілді. Жұмысқа жетекші халықаралық сарапшылар мен KPMG, E&Y, PwC, Morrow Sodali және Орталық Азия экологиялық зерттеулер институты сияқты консалтингтік компаниялар тартылды. Оқыту ESG-дің есептілікті дайындау, ақпаратты жария ету стандарттары, климаттық және ESG-тәуекелдерді басқару, сондай-ақ климаттық стресс-тестілеу сияқты негізгі аспектілерін қамтыды. Бұл күш-жігер орнықты даму корпоративтік басқарудың ажырамас бөлігіне айналатын мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.
Қазіргі уақытта Агенттік қаржы секторына орнықты дамудың күн тәртібін ілгерілетуде қолдау көрсету мақсатында іс-шараларды әзірлеуді жалғастыруда.
– Зафар Расулович, Қазақстанның ESG саласындағы бастамалары халықаралық инвестициялардың келуіне қалай әсер етуі мүмкін және жаһандық нарықтар тарапынан сенімді арттыру үшін қандай қосымша қадамдар жасау қажет?
– Шетелдік инвестициялар инфрақұрылымды жаңғыртуға, жұмыс орындарын құруға және озық технологияларды енгізуге ықпал ете отырып, экономиканы дамытуда маңызды рөл атқарады. Оларды сәтті тарту үшін ел жаһандық нарықтың талаптарына сай болуы керек, ал мұнда ESG факторлары, осыған дейін атап өткендей, инвестициялық шешімдер қабылдауда маңызды.
Басқа елдермен қатар, Қазақстан жаһандық «жасыл ауысуға» бейімделуі қажет. Бұл экономикалық дамуды стратегиялық тұрғыдан қайта қарауды, сонымен қатар қаржы және корпоративтік секторлардағы ESG-қағидаттарының қарқынды интеграциясын талап етеді. Бұл процесте қаржы секторы шешуші рөл атқарады. Ол капиталды орнықты даму қағидаттарына сәйкес келетін жобаларға бағыттайды және экологиялық және әлеуметтік тұрғыдан бағдарланған экономикаға көшуге ықпал етеді.
ESG-реттеу саласында атқарылған ауқымды жұмысқа сүйене отырып, халықаралық инвесторлардың сенімін одан әрі арттыру үшін есептіліктің ашықтығын қамтамасыз ету, деректерді тәуелсіз верификациялауды енгізу, орнықты қаржыландыру нарығын дамыту және корпоративтік басқарудағы озық әлемдік тәжірибені ескеру маңызды. Бұл қадамдар ұзақ мерзімді капиталды тартып қана қоймай, елдің жаһандық қаржы нарығындағы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.
IFC басқарудың озық халықаралық стандарттарын енгізуге, орнықты қаржыландыру нарығын дамытуға және экологиялық және әлеуметтік жауапты жобаларға инвестициялар тартудың жаңа құралдарын жасауға көмектесу арқылы елде ESG-қағидаттарын ілгерілетуге белсенді түрде ықпал етеді.
Біздің ұйым жасыл облигациялар шығаруды қолдайды және ESG- құзыреттілігін арттыруға бағытталған бизнес пен қаржы секторына арналған білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады. Біз еліміздің ESG-трансформациясын жеделдету және оның болашақта әлемдік экономикадағы орнын нығайту үшін осы бағыттарда қолдау көрсетуді жалғастырамыз.
– Мәдина Ерасылқызы, ESG-күн тәртібін дамыту бөлігінде Агенттіктің қандай жоспарлары бар?
– Алдағы уақытта біз орнықты қаржыландыру жөніндегі кешенді стратегияны дамыту жұмысын жалғастырамыз. Ол үшін қаржы секторында орнықты практикаларды тиімді интеграциялау үшін жағдай жасауды негізге аламыз. Сонымен бірге бұл жұмыс S1 және S2 ХҚЕС халықаралық стандарттарына сәйкес орнықты даму және климаттың өзгеруі туралы ақпаратты жария ету жөніндегі нұсқауды жаңартуды қамтиды. Бұл жаңарту климаттық тәуекелдерді басқаруды жақсартуға және қаржы секторындағы ашықтықты арттыруға мүмкіндік береді деп сенеміз.
Сонымен қатар біздің жұмысымызда көміртекті есепке алу әдістемесін әзірлеу көзделген. Бұл көміртегі шығарындыларын дәлірек өлшеуге және басқаруға көмектеседі. Бұл қадам орнықты және экологиялық жауапты дамуды қолдау үшін маңызды, бұл біздің орнықты экономикаға жету жолындағы жалпы стратегиямызға сәйкес келеді.
Жалпы алғанда, біздің ESG-күн тәртібін дамытуға деген көзқарасымыз орнықты қаржылық практикалар мен ұзақ мерзімді экономикалық өсуге ықпал ететін инновациялық шешімдер арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған. Біз осы бағыттағы жұмыстың маңыздылығын түсінеміз және қаржы секторы мен реттеушілердің бірлескен күш-жігерімен орнықты болашақ үшін жағдай жасауға болатынына сенімдіміз. Ол жағдайда экологиялық және әлеуметтік мақсаттар бизнес стратегиялар мен инвестициялық шешімдерге интеграцияланатын болады.