Сәуірде BYD саудасы қызды: Қытайда гибрид емес, таза электромобиль хит болды

Қытайдың BYD автогиганты 2025 жылғы сәуірде өнімді өте көп сатқанын мәлімдеді. Ол қазіргі сауда қарқынымен жыл аяғына дейін 5,5 млн электрокар өткізуі мүмкін. Гибрид емес, таза электромобиль хит болып жатыр.
Bloomberg мәліметінше, қытай автогиганты сәуірде жаңа 380 мыңнан аса электромобиль сатқан. Бұл былтырғыдан 20% көп көрсеткіш. Сатылған өнімнің 373 мыңы – жеңіл электрокар.
Назар аударуға тұрарлық тағы бір жайт, өткен айда гибридтер емес, жеңіл электромобиль көп өткен. Аккумулятор батареяларымен жүретін 195 740 электрокар сатылса, 176 875 гибрид өткен. Осылайша электромобильдер 2024 жылдың басынан бері алғаш рет алға шығып отыр.
BYD енді тез қуатталатын, интеллект көмегімен жүретін жаңа электромобильдер сериясын шығаруға дайындалып жатыр. Өткен аптада Шанхайдағы автокөрмеде автогигант жол талғамайтын жаңа спорткарларын, сонымен бірге премиум-класқа жататын өнімдерін таныстырды.
Биыл Гонконгтегі биржаға BYD акциялары шамамен 40%-ға өсті. Себебі қытай автогиганты АҚШ нарығына көлік сатпайды.