
Павлодар облысындағы Екібастұз қаласында құны 500 млрд теңге тұратын электр-металлургия зауытының құрылысы басталды. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі хабарлады.
Министрлік мәліметінше, зауыт жылына 1 млн тонна сапалы болат өндіруге мүмкіндік береді. Онда мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылып, өңірдің дамуына серпін береді.
Құрылыс басталғанын білдіретін капсуланы өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев салды.
Бұған қоса, министр Екібастұзда бандаждау кешенінің бірінші кезегінің ашылуына қатысты. Нағаспаев саланың дамытудағы стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
Бұл өндіріс кезең-кезеңімен іске қосылып жатыр: дөңгелектерді механикалық өңдеу басталса, қыркүйекте осьтерді, ал 2026 жылғы мамырда шентемір мен соғылған бұйымдарды өндіру көзделген.
Министр платформалар мен ашық вагондар үшін көміртекті және жоғары марганецті болат құймаларын шығаратын цех құрылысына дайындық барысымен танысты.
Естеріңізге сала кетейік, осы аптада Қытайдың Xinfa Group компаниясы Павлодар облысында ірі өндірістік кешен салатыны мәлім болды. Болашақ зауыт тек бір өндіріс емес, бірнеше бағытты қамтиды: көмір, боксит және мыс өндіру, оларды өңдеп, дайын өнім шығару. Жобаға салынатын инвестиция көлемі — 15 млрд доллар. Зауыт іске қосылса 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.