
Әлемнің ең бай адамы Илон Маск Tesla директорлар кеңесі оның орнына басқа адам іздеп жатыр деген мәліметті жоққа шығарды.
Осының алдында The Wall Street Journal басылымы инвесторлар Tesla-ға жаңа бас директор іздейді деген мәліметті бірнеше дереккөзге сүйене отырып таратқан. Миллиардер «WSJ — журналистикаға кір келтіреді» деп мәлімдеді.
Tesla директорлар кеңесі де басылым мәліметін «шыли өтірік» деп атады.
«Tesla бас директоры – Илон Маск. Директорлар кеңесі оның өсім жоспарын жүзеге асыра алатынына сенеді», – деп хабарлады компания.
Маск президент Дональд Трамппен тығыз байланыс орнатқан уақытта Tesla құны 1,5 трлн долларға дейін көтерілген. Алайда содан кейінгі алты айда 900 млрд долларға дейін түсіп қалды. Tesla акциялары әлі де құнын жоғалтып жатыр.
Бұған миллиардердің саясатқа тым әуестеніп, АҚШ қана емес, Еуропада да беделін жоғалтып алуы себеп болды. Оның үстіне, Трамптың Қытай тауарларына баж салығын өсіріп жіберуі Tesla-ның аспан асты елінде Cybercab және Semi электрокарларын шығару жоспарына кедергі жасады.
Бір апта бұрын Маск саясатты тастап, компанияға көбірек көңіл бөлуге уәде берген. Ақ үй аппаратының басшысы Сьюзан Уайлстың айтуынша, миллиардер қазір қашықтан жұмыс істеп жүр.
Маск басқаратын DOGE кеңсесі Құрама Штаттарда жүздеген мемлекеттік қызметкерді қысқартты. Америкалықтар миллиардер әрекетіне қарсы наразылық акцияларын ұйымдастырды. Дегенмен президентке Масктың жұмысы ұнайды.