Солтүстікте алты ауылды 2 мыңға жуық адам судан қорғап жүр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Солтүстіктегі су тасқынымен күреске 2 мыңға жуық адам тартылды / фото: ТЖМ

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданына қарасты Тепличное, Вагулино, Ольшанка, Долматова және Большая Малышка ауылдарында, сонымен бірге Петропавл қаласының Заречное ауылында қорғанысты нығайту жұмысы жүріп жатыр.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, алты ауылды судан қорғауға барлығы 1868 адам, 125 техника жұмылдырылды. Бір күнде 28 мыңнан аса қапшық және 2,3 тонна инертті материал төселді.

Сонымен бірге Заречное ауылында тұрғын үйлерді су басу қаупін болдырмау мақсатында су айдалып жатыр. Мұнда бір тәулікте 20 мың текше метр су сорылды.

Солтүстіктегі су тасқынымен күреске 2 мыңға жуық адам тартылды / фото: ТЖМ
Солтүстіктегі су тасқынымен күреске 2 мыңға жуық адам тартылды / фото: ТЖМ

Су тасқынына қарсы ахуалға мониторинг жүргізіліп жатыр. Эвакуация орындары дайындалды. Есіл өзеніндегі барлық бекетте су деңгейі төмендеп келеді.

Бұған дейін «Қазгидромет» Есіл өзенінің деңгейі бір күнде жарты метрге көтерілгенін хабарлаған.

Өңірдегі Прибрежное ауылы аралға айналды. Оның жан-жағын су басып қалды.

Солтүстік Қазақстан облысының басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов 1 мамырда өңірдегі жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізді.

Сондай-ақ оқыңыз