
Киев пен Вашингтон пайдалы қазбаларды бірге игеру және Украинаны қалпына келтіруді көздейтін инвестициялық қор құру туралы келісімге отырды. Бұл туралы Құрама Штаттардың қаржы министрлігі хабарлады.
Келісімді Рада мақұлдауы тиіс
Маңызды құжатқа 30 сәуірде Вашингтонда қол қойылды.
«Осы келісім Трамп әкімшілігінің еркін, дербес және гүлденген Украинада бейбіт процесті жақтайтынын Ресейге ашық меңзейді.
Түсінікті болу үшін айта кетейін, Ресейдің әскери машинасын қаржыландырған немесе қамтамасыз еткен бір де бір мемлекеттің немесе адамның Украинаны қалпына келтіру арқылы пайда табуына жол берілмейді», – деп кесіп айтты АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент.
Украина экономика министрі Юлия Свириденко осындай құжат қабылданғанын хабарлады. Қазір ол Вашингтонда жүр.
«АҚШ қаржы министрі Скотт Бессентпен бірге АҚШ-Украина қалпына келтіру инвестициялық қорын құру туралы келісімге қол қойдық.
Құжат екі елді де табысқа жеткізеді», – деп жазды украин министрі фейсбукке.
Оның айтуынша, келісімді Украина Жоғарғы радасы мақұлдауы тиіс.
Пайдалы қазбаларды игеруді Украина бақылайды
Құжатқа сәйкес, Құрама Штаттардың осы келісімге дейін Украинаға берген әскери көмегі америкалық тарап қосқан үлеске жатады. Келісім мақұлданғаннан кейін АҚШ бөлген көмек инвестиция деп есептеледі. Бұған дейін Дональд Трамп «ақшаны қайтарып алғысы» келетінін бірнеше мәрте мәлімдеген.
Оның орнына АҚШ Украина табиғи ресурстарын игеру жөнінде жаңа келісімдерге отыруға мүмкіндік алады. Алайда ол Вашингтонға украин пайдалы қазбаларын игеруден түскен табыстан үлес алу құқығын бермейді.
Украина премьер-министрі Денис Шмыгальдің мәлімдеуінше, қазба байлықтар туралы келісім әріптесік қағидасымен дайындалды: инвестициялық қор 50/50 ережесімен жұмыс істейді. Украина бүкіл ресурсты бақылау құқығын сақтап қалады.
Қор Украинаның дамуына 10 жыл бойы инвестиция құюмен айналысады. Украин премьерінің айтуынша, келісім Украинаның Еуроодаққа кіруіне кедергі келтірмейді.
Украина табиғи ресурстарға бай ел. Оның жер қойнауында сирек кездетесетін металдар да бар. Қазір осы саладағы өндірісте Қытай бірінші орында тұр. Украинада темір, уран және табиғи газдың үлкен қоры бар.
Reuters мәліметінше, бұл келісім Вашингтонның Украина мен Ресейге қатысты ұстанымын да білдіреді. Құжатта АҚШ-тың Украина қауіпсіздігіне кепіл болатыны туралы ештеңе айтылмаған.