
Ақтөбедегі Қазақ-орыс халықаралық университеті лицензиясынан айырылған жоқ. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Артур Еділханов айтты.
Маманның сөзінше, 2024 жылы министрлікке университет құрылтайшысы атынан ресми мәлімдеме түскен.
«Мәлімдемеде оқу жылы аяқталған соң білім беру қызметін тоқтатып, әрі қарай жоғары білімді кадрларды даярлау қызметіне шектеу қойылатыны айтылған. Дегенмен 2024-2025 оқу жылында бұл университет өз қызметін жалғастырды. Тек қана бірнеше білім беру бағдарламасы тоқтатылды. Биыл наурызда жүздеген студентті оқудан шығаруына байланысты түрлі мәселе көтерілді. Сәйкесінше министрлік сәуірде оқу орнына бақылау жүргізді. Нәтижесінде білімнің сапасына байланысты, студенттердің қажетті білім алуына жағдай жасау деңгейіне қатысты түрлі сұрақ пайда болды. Дегенмен Қазақ-орыс халықаралық университетін лицензиясынан айыру туралы шешім күшіне енген жоқ», – деді Еділханов.
Айтуынша, биыл студенттердің оқуды аяқтап, тиісті құжатын алуы үшін жағдай жасалған.
«Оқуды толық аяқтауға, сессияны уақытылы тапсыруға толық мүмкіндік жасалған. Ата-аналармен арнайы жиын өткізілді. Студентке әрі қарай оқуын жалғастыруы үшін қандай іс-шара атқарылатыны жөнінде ақпарат берілді», – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрлігі жүргізген тексеруден кейін Ақтөбедегі Халықаралық қазақ-орыс университетін жабу туралы шешім қабылданғаны жөнінде ақпарат тарады. Бұған дейін оқу орны 300-ден аса студентті бірден оқудан шығарған.