Шымкентте пәтерін жалға берген әйел 4 жылға сотталды

Шымкентте пәтерін жалға берген азамат қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жергілікті прокуратура мұндай жағдайдың алғаш рет болғанына назар аударған.
Істің мән-жайына келсек, әйел газ қауіпсіздігі талаптарын сақтамастан пәтерін жалған берген. Сондай-ақ газ қызметімен бұл жағдайды талқыламаған, келісімін алмаған.
Салдарынан пәтерді жалдап отырған азамат көмірқышқыл газымен уланып, қайтыс болды.
Пәтер иесіне қатысты қылмыстық іс бойынша үкім 2025 жылдың 18 сәуірінде Шымкент қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында шықты. Әйел қылмыстық кодекстің 306-бабы (жұмыс жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзу) бойынша кінәлі деп танылды. Ол 4 жылға шартты түрде сотталды. Әйел пробациялық бақылауға алынды.
Айта кетейік, әйел сотталған бап бойынша 5 000 АЕК-ке (19 млн 660 мың теңге, 1 АЕК – 3 932 теңге) дейінгі мөлшерде дейінгі мөлшерде айыппұл салу не 5 жылға дейінгі уақытқа бас бостандығын шектеу, бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
«Бұл жағдай пәтерді жалға беріп, табыс табатын әрбір азаматтың жалға алған адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті бар екенін көрсетеді. Жауапсыздық ауыр зардапқа және қылмыстық жауапкершілікке соғуы мүмкін», – деп ескертті Шымкент прокуратурасы.
Бұған дейін Шымкент прокуратурасы қалада мемлекетке 640 млн теңге залал келтірген компания басшысы 3 жылға сотталғанын хабарлады.