Маркетплейстерде діни материалдардың таралуы енді заңмен реттеледі

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Маркетплейстерде діни материалдардың таралуы енді заңмен реттеледі
Маркетплейстерде діни материалдардың таралуы енді заңмен реттеледі//Коллаж: KursivMedia

Бас прокурор Берік Асылов мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында әлеуметтік, ұлттық, діни алауыздық қоздыратын оқиғалар төңірегінде не істеліп жатқанын айтып, заңнамалық өзгерістер жасалатынын мәлім етті.

Асыловтың ақпаратынша, сауалда көрсетілген киіз үйде би билеп, бейəдеп əрекетімен қоғамның назарын аудартқан бейнеролик Алматы облысының Қарасай ауданында түсірілгені айтылады.

«Бұл факті бойынша Қарасай ауданының Полиция басқармасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігімен (əлеуметтiк, ұлттық, рулық, нəсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде» – делінген Асыловтың жауабында.

Одан бөлек Атырау облысында арабша жазу басылған мемлекеттік туды ұстап фотоға түскен ниқабтағы төрт қыз Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігімен (ұсақ бұзақылық) əкімшілік жауаптылықтарға тартылған. Сонымен бірге аталған факті бойынша Атырау қаласының Полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 372-бабына сай, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған.

Сондай-ақ қылмыстық қудалау органы «Ozon» маркетплейсінің Қазақстандағы өкілдігіне қылмыстық құқық бұзушылықтар жəне басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мəн-жайларды жою жөнiнде ұсыным жолдаған. Нəтижесінде «Ozon» сайтынан жазуы бар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын сату туралы, сондай-ақ кез келген діни материалдарға қатысты барлық жарнама алынып тасталған.

«Сонымен қатар Мəдениет жəне ақпарат министрлігі маркетплейстерде діни материалдардың таралуын заңнамалық реттеу мəселесін қарастыруда. Онлайн-платформалар мен масс-медиада жастар арасындағы діни экстремизмнің алдын алу, зайырлы мемлекеттегі дін, киберқауіпсіздік, мемлекеттік-конфессиялық қатынастар, қазақ мəдениетінің дəстүрлі құндылықтары жəне т.б. туралы ақпараттық-түсіндіру контенттері жариялануда» дейді бас прокурор.

Берік Асылов сонымен қатар Діни экстремизмнің жəне терроризмнің алдын алу жəне болдырмау мақсатында мектепте «Зайырлылық жəне дінтану негіздері» міндетті вариативтік курсы, ЖОО-да дін саласында білім беру бағдарламасы əзірленіп, енгізіліп жатқанын атап өткен.

Бұған дейін, Мәдениет министрлігі ІІМ-ге хат жазып, арабша жазу басылған көк байрақты сатқан танымал маркетплейстерді тексеруді сұраған.

Ал Атырауда туын ұстап фотоға түскен ниқабтағықыздардың үстінен қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған.

Сондай-ақ оқыңыз