Жаңалықтар

Сапарлаған қазақстандықтардың 12 пайызы ғана шетелге шыққан

Сапар жасаған қазақстандықтардың 12 пайызы ғана шетелге шыққан
Сапарлаған қазақстандықтардың 12 пайызы ғана шетелге шыққан/Коллаж: KursivMedia

2024 жылы 11 млн 287 мың адам туристік сапарға шыққан. Оның ішінде 9 млн 903 мың адам (87,7%) ел ішін араласа, 1 млн 383,4 мың адам (12,3%) шетелге сапарлаған

Сапарлардың негізгі үлесі жеке мақсаттарға тиесілі – 10 млн 532,8 мың адам). Іскерлік және кәсіби мақсатта – 754,2 мың адам жолға шыққан.

Ел ішінде қатынағандар негізінен Астана (10,5%), Алматы (10,2%) қалаларына, сондай-ақ Түркістан (8,8%), Қарағанды (7,9%) және Алматы (7,4%) облыстарына барған.

Қазақстан бойынша сапарлау кезінде туристердің көпшілігі жатын орны тегін – туыстары не таныстарына (64,2%) баруды жөн көрген. Қонақ үйлерде (15,2%), жалдамалы тұрғын үйлерде (11,6%) және санаторилерде (3,3%) тоқтағандардың үлесі айтарлықтай аз. 

Пайдаланылған көлік түрлері бойынша қарасақ, ел ішінде сапарлағандар өз автокөлігімен (36,1%) және теміржолмен көбірек қозғалған (26,4%), сырт елге барушылар – әуе көлігін (55,7%) жөн көрген.

2024 жылы туристік сапарға шыққандардың ақшалай шығыстары 957,7 млрд теңгені құрады, ел ішінде сапарлағандардікі – 582,7 млрд теңге (60,8%). 

Қазақстан шегінде жеке мақсатта туристік сапарға шыққандардың негізгі шығыстары тауар сатып алу (29,5%), көлік қызметі (25,2%), тамақтану (21,0%) және орналасу орындарында тұру (12,6%) сияқты қызметтерге кеткен.

Бұған дейін, Алматы туристер ең көп келетін қала ретінде тіркелгенін хабарлағанбвз.