Елікбаев дөп басты ма, шоқ басты ма: PR-шыға бораған хейт қаншалықты орынды

PR маман, журналист Әлішер Елікбаевтің сүйіктісіне қол көтеріп бес тәулікке әкімшілік қамауда болып шыққан актер Шәріп Серіктен алған сұхбаты әлі қызу талқыланып жатыр. Желі қолданушылары интервьюерді актерді ақтап алуға тырысты деп сөгіп, хейт жаудыруда. KursivMedia тілшісі сөйлескен қос сарапшының ойы бір жерден шығып, қоғам сыны орынды екенін айтады. Неге екенін, өз сөздерімен түсіндіреміз.
Бақыт Аманжолқызы, стратегиялық коммуникация маманы:
Ескі инструмент
Қоғамда қандай да бір репутациялық кризис болғанда осындай сұқбаттарды құрал ретінде қолданып жатады. Елікбаевте бұған дейін осыған ұқсас сәтті кейсі болған. Ол «потому что, потому что” деген сөзімен танылған бұрынғы министр Серік Әбденовтен сұхбат алып, сол сұхбаттан кейін оған деген негатив біршама азайған (Үкімет 2013 жылы әйелдердің зейнет жасын ерлердікімен теңестіру бастамасын көтерді. Оны орындау сол кезде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тұрған Серік Әбеновке жүктеліп, халықтың бар наразылығы шенеунікке бағытталған). Меніңше, Елікбаев Шәріп Серіктен сұхбатты осындай мақсатпен алды. Яғни хейтке ұшыраған досы ма, тұлға ма, клиенті ме сол кісінің репутациясын қалпына келтіру үшін сол жақты тыңдау мақсатында алынды.
Алайда сұқбат коммуникация тұрғысынан дұрыс құрылмаған. Көп нәрсе ескерілмеген. «Не болғанын» бір ғана тараптан сұрау ескірген инструмент. Мұндай инструмен бәлкім 10-15 жыл бұрын қоғамға өткен де шығар. Қазір қоғамға өтпейді. Өйткені халықтың сыни пайымы, психологиясы дамыған, жылдан жылға көзі ашық. PR, коммуникация мамандарының мұндай нәрседен хабардар болмауы, өте үлкен қателік. Сондықтан Әлішердікі қате болды.

Қос тараптың пікірі қатар берілуі керек
Мен эксперт ретінде бұндай жағдайда екі жақты да тыңдап, деректі фильм жасауға болар еді деп санаймын. Немесе мемлекет қалай қорғайды деп үшінші жақты да қосып, журналистік материал жасау керек. Сол жерде осы ситуацияны талдап, жіліктесе орынды. Соның аясында Шәріптің даусын тыңдауға болады, тек былайша толықтай бір жақты сұқбатта емес. Бұл сұхбатта стратегия дұрыс құрылмаған. Сондықтан хейтке ілініп отыр.
Шәріп Серіктен сұқбат алуға әлі ерте
Меніңше, мұндай сұқбат жасауға әлі ерте. Өйткені Шәріп Серік әлі өзіне келіп үлгермеген. Жағдайды толық түсінген жоқ. Түсіне ме, түсінбей ме, оны да білмейміз. Бұл жерде этикалық құндылық маңызды. Мұнда сұқбат алушы мен берушінің этикалық құндылығы бірдей болып тұрғаннан кейін, олар бұдан еш проблема көріп тұрған жоқ. Ал ол көзқарасты, стандартты халық қабылдамайды.
Жалпы коммуникация мамандары қоғамның белгілі бір мәселеге көзқарасынан жақсы хабардан болуға тиіс. Қазақтілді мен орыстілді аудиторияның, әйел мен ер адамдардың көзқарасы қандай екенін білуі шарт. Сұқбатқа қарап екеуінің де бұл тұрғыда артта қалғанын аңғаруға болады. Сондықтан материалды дұрыс бере алмады деп ойлаймын.
Сұқбат зорлықшыны ақтауға айналып кетті
Осылайша, кінәсін толық мойындамаған, түсінбеген адамнан сұхбат алу зорлық жасаған адамды ақтауға айналып кетті. Егер Әлішер өзінің этикалық сүзгісінен өткізгенде, сұқбатты шығармас еді деп ойлаймын. Меніңше, қате жасағанын Әлішер өзі де түсініп тұрған жоқ.
Әлішердің екі-үш аптада бәрі ұмытылып кетеді деген пікірі бар. Қазіргі уақытта репутациялық институт бізде енді-енді қалыптасып жатыр. Сондықтан бұл қатені қоғам тез ұмытып кетпеді деп ойлаймын. Бұл жылдар бойы айтылады.
Гүлнұр Сапарова, психолог
Ақталуға берілген мүмкіндік
Елікбаевтің сұқбатын әртүрлі көзқарас тұрғысынан бағалауға болады, және ол көп адамда екіұшты сезімдер мен пікірлер туғызғаны рас. Өйткені бұл сұқбатта тек болған оқиға бір ғана қатысушысы тарапынан ашылған, мұндай оқиғалар орын алғанда жәбірленуші тараптың қатысуымен өтсе, сұқбат хейт астында қалмас еді. Бұл сұқбатта жағдайды талқылау арқылы зорлық-зомбылықтың алдын алуға немесе психологиялық тұрғыдан көмек көрсету қажеттілігін көтеру тақырыптары ашылмаған, керісінше сұқбат кейіпкерге ақталуға берілген мүмкіндік сияқты көрінеді. Бұл сұқбаттың хейтке ұшырауының себебі – қазіргі кездегі зорлық зомбылыққа қарсы бас көтерудің, айтудың кең белең алуынан және Елікбаевтің сұқбатты алудағы мақсаты деп ойлаймын.

Досының репутациясын қалпына келтіру
Елікбаевтің сұқбаты досының репутациясын қорғауға бағытталған. Сұқбатта адамның әрекеті мен істеген қателіктері ашық айтылмауы, ақтау, жабу, кінәліні айыптау орын алғандығын ескерсек, Елікбаев осы сұқбаты арқылы қоғамға дұрыс емес сигнал беріп, зорлық-зомбылықтың немесе басқа да заңсыз әрекеттерді ақтауға жол салып отырғандай.
Хайп
Елікбаевтің әрекеті мен сұқбаты көпшілік үшін бір жағынан хайп тудыратын оқиға болды. Әлеуметтік желілерде бұл оқиғаның таралуы басылмай тұрып сұқбатты жазуы оның тез таралып, көп адамның назарын аудартатынына үміттенуден болғандай. Хайп тудыру мақсатында контентті жасау қазіргі медиа мен интернет мәдениетінде жиі кездесетін жағдай. Бірақ егер Елікбаев өз сұқбатында қоғам үшін маңызды мәселелерді көтерсе, онда бұл жай ғана хайп емес, шынайы қоғамға қажетті мәселелерді талқылау болушы еді, алайда, сұқбат барысында барлық акцент тек сұқбат берушіге қойылып, оның өзін түрлі манипуляциялар (адамдардың аяушылығын тудыру, оның финанстық жағдайы туралы, балалығы, әкесі туралы сұрау) арқылы ақтауға және репутациясын құтқаруға тырысқанын байқауға болады.
Сұқбат тым ерте алынды
Осындай сұқбатты алу үшін әлі ерте сияқты, өйткені Шәріптің сараладым, түсіндім деп айтуына да ерте, өйткені адамның қателігін түсініп, өзгеріс жолын бастауына уақыт пен маманның көмегі керек. Сұқбат барысында Шәріптің сөздерінен өкінішіне қарағанда өзіне деген аяушылық пен жәбірленуші рөлін көбірек байқауға болады. Сұқбат беруші белгілі бір уақыт өзімен жұмыс жасамай, өкінетінін қоғамға көрсетпей, өзгергеніне елдің көзін жеткізбей жатып өзін ақтауға тырысуы және арада шамалы ғана уақыттың өткенін ескерсек, әрине сұқбат алатын уақыт әлі келген жоқ секілді.
«Экс-әйелі туралы сұрақтарды айналып өте алмасын білгендіктен қойды»
Елікбаевтің Шәріптің бұрынғы әйелі Мөлдірмен ұрыс-керіс болғаны туралы сұрауы стратегия деп ойлаймын. Егер Мөлдірмен некесі шу тудырмағанда, ол жерге акцент қойылмас еді. Елікбаев бұл тақырыптан аттап кете алмайтынын білді әрі оны сұқбат барысында барынша жұмсартып, Шәріпке тағы да өзін соған жеткізген факторларды ашуына мүмкіндік берді. («Оған жеткізген», оған жеткізбейді, адамда қашан да бір нәрсені жасау не жасамау таңдауы болады, Шәріп қол көтеруді таңдады). Шәріптің сөздерінен өкініш, қателігін түсіну байқалмайды, оның орнына Әлияның неге олай жасағанын түсінбеу, өзін кінәсіз сезіну, жасағандарды айыптау бар. Егер Елікбаев бейтараптықты ұстанса ол Шәріптен терапиядан өтуді бастады ма? Өзінің агрессивтілігін басқаруды, не болмаса, оны экологиялық жолмен сублимация (басқа жаққа шығару, мысалы агрессивтілікті қажет ететін спорт түрлері, бокс, күрес т.б) жасауды үйренуге тырыса ма, осы жолда дәл қазір не істеп жатыр? Осы сұрақтарды көбірек ашушы еді
Әкесі туралы сұрақ
Ал әкесі жайлы оқиға туралы сұрауына келсек, ол да көрермен назарын болған істен Шәріптің солай жасау себептеріне бұру, солай болуына бейсаналы түрде оның әкесін кінәләу. Жалпы сұқбатта Шәріп қатесін түсінетінін айтып, қыздардан кешірім сұрайды, бірақ ол жерде ешбір мәндік салмақ жоқ. Неге? Өйткені расымен өз ісіне ұялатын, өкінетін адам, өз репутациясын сөзбен емес, әрекетпен қалпына келтіруші еді. Қазір көпшілік алдына шығып, неге олай болғанын айтып, әкесі оның тәрбиесіне араласпағаны, барлығы теріс айналып, қазір табыс көзі қалмағанын айту ол тек ақталу, асығыстық. Дегенмен өзін Бишімбаевпен салыстырғанға реніші орынды. Және ол өзін одан ерекшелейтін аргументтерді де келтіре кетті.
Шәріп 1,2 жыл өзімен жұмыс жасап, түзелу жолын әлеуметтік желіде бөлісіп, елге көрсетіп барып, кешірім сұраса орынды және шынайы болушы еді. Ал дәл қазір нарцистік қыры көрінеді, бет әлпетінде өзімен неге олай болып жатқанын түсінбейтіні жазылыр тұр.