Жаңалықтар

Air Astana әуе компаниясы қанша табыс тапты

Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылдың алғашқы тоқсанында Air Astana компаниясының жалпы түсімі 292,4 миллион АҚШ долларына жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 10,4%-ға артты. EBITDAR көрсеткіші де 37,1%-ға өсіп, 59,9 млн долларды құрады.

Компания үш ай ішінде 2 млн жолаушы тасымалдады. Бұл — былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 7,1%-ға көп. Ұшақтар саны да артты: 2024 жылдың осы кезеңінде 50 әуе кемесі болса, қазір олардың саны 60-қа жеткен. Сонымен қатар жүктеме коэффициенті 81,5%-ға дейін көтерілді.

Компания түсімінің өсуіне шетелге бағытталған рейстерге деген сұраныстың артуы, ұшақтар паркін кеңейту және шығындарды тиімді басқару себеп болған.

Алайда Қазақстан қор биржасында жариялаған мәліметте 2025 жылдың 3 айында әуе компаниясы 3,8 млрд теңге шығынға ұшырағаны жазылған.

Air Astana компаниясының негізі акционері – «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры. Оған акциялардың 41%-ы тиесілі болса, BAE Sistems 16.95% акциясына иелік етеді. Ал 21,74 пайыз үлесі номиналды ұстаушылардың қолында. БЖЗҚ қаржысына 6,51 пайыз үлесі сатып алынған.

Бағыт саны артып жатыр

2025 жылдың алғашқы үш айында Air Astana 15 жаңа бағыт ашты. Соның ішінде Үндістанның іскерлік орталығы саналатын Мумбай қаласына Алматыдан тікелей рейс басталды. Қытай нарығында да кеңею байқалды – енді компания ұшақтары Гуанчжоу және Күлжа қалаларына қатынайды.

Жақын болашақта Токиоға да тікелей рейс ашылады – бұл бағыт 2026 жылы іске қосылады деп жоспарланған. Сонымен қатар Air Astana Вьетнамдағы Нячанг және Фукуок қалаларына, Түркия мен Грузияға, Оңтүстік Корея және Лондонға да рейстерін орындауда.

Бұл бағыттар – туристік және іскерлік мақсаттар үшін сұранысы жоғары бағыттар. Компанияның осындай кеңеюі жолаушылар санының артуына да тікелей әсер етті.