«Бәйтерек» холдингі жалғыз акционеріне 61 млрд теңге дивиденд төледі

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі 2024 жылғы жұмысы нәтижесінде мемлекетке 61,2 млрд теңге көлемінде дивиденд төледі. Бұл – холдингтің былтырғы таза табысының 15%-на тең. Ақша республикалық бюджетке түседі. Бұл туралы Қазақстан қор биржасының сайтында жарияланған.
Дивиденд мөлшері бір акцияға шаққанда 96,5 теңгені құрады. Мұндай шешімді холдингтің жалғыз акционері – ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті қабылдады.
Холдинг былтыр қанша пайда тапты?
2024 жылы «Бәйтерек» холдингі 408 млрд теңгені құрады. Акционер шешіміне сәйкес, оның 35%-ы немесе 145,3 млрд теңгесі мынадай бағыттарға бөлінеді:
- 61,2 млрд теңге – мемлекетке дивиденд ретінде аударылады;
- 54,7 млрд теңге – «Аграрлық несие корпорациясына» беріледі. Бұл қаражат ауыл шаруашылығын көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарына қаржыландыру үшін шығарылған облигациялар бойынша пайыздық төлемдерді өтеуге жұмсалады;
- 29,4 млрд теңге – «ҚазАгроҚаржы» компаниясына бағытталады. Ол қаражат отандық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға шығарылған облигациялар бойынша төлемдерді жабуға жұмсалады.
Қалған 262,9 млрд теңге холдингтің өзінде қалады.
«Бәйтерек» холдингі 2023 жыл үшін екі рет дивиденд төлеген. Себеп – бюджеттегі қаржы тапшылығы. Ол кезде бұл сома 126,1 млрд теңгені құрап, таза табыстың шамамен 31 пайызына тең болды.
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» – Қазақстан экономикасын әртараптандыру, инновацияларды қолдау, экспортты дамыту, еңбек өнімділігін ұлғайтуды қолдайтын, оны дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыруды қамтамасыз ететін ұлттық институт. Холдинг 2013 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығымен құрылды.