Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі іскерлік белсенділік төмендеп кетті

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Сәуір айында Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі іскерлік белсенділік баяулады. Бұл туралы Freedom Holding Corp. пен S&P Global дайындаған PMI индексі зерттеуінде айтылды.

Жалпы көрсеткіш – PMI индексі сәуірде 51,2-ні құрады. Индекс кейінгі 14 ай қатарынан 50-ден жоғары деңгейде тұрғанына қарамастан, соңғы бір жылдағы ең төмен көрсеткішке құлдырады. Яғни өндірісте өсім бар, бірақ қарқыны баяулаған.

Неге бұлай болды?

Сарапшылардың айтуынша, өндірістің баяулауына бірнеше себеп бар:

  • Шикізат пен коммуналдық тарифтердің қымбаттауы;
  • Валюта бағамының тұрақсыздығы;
  • Сыртқы нарықтағы белгісіздік. Мысалы, АҚШ-тың кеден салығын көтеруі.

Осының бәрі кәсіпорындарға қосымша салмақ түсіріп, олар өз шығындарын өнім бағасын көтеру арқылы өтеуге мәжбүр болған.

Жаңа тапсырыстар бар, бірақ жұмыс орындары көп ашылмады

Сәуір айында жаңа тапсырыстар тұрақты өсіп отырды. Бірақ жұмыс орындарын ашу қарқыны бәсеңдеген. Бұл соңғы 14 айдағы ең төмен көрсеткіш болып отыр.

«Екінші тоқсанның басында сатып алу белсенділігіндегі өсім бәсеңдеп, соңғы 14 айдағы ең төменгі деңгейге түсті. Өндіріске қажет ресурстарды сатып алу үрдісі
бәсеңдеп, олар өндірісті қолдауға пайдаланылғандықтан, сатып алынған қорлар да азайды. Наурызда аз ғана өсім болғанына қарамастан, қордың азаюы соңғы он айдың ішінде тоғызыншы рет тіркеліп отыр», – делінген зерттеуде.

Бір жағынан, бұл өндіріс орындары жұмыс күшін жеткілікті тартты, сондықтан аяқталмаған жұмыстарды қысқарта алды. Бірақ екінші жағынан, бұл алдағы уақытта жұмыссыздық мәселесіне әсер етуі мүмкін деген күдік те бар.

Баға өсті, бірақ сенім жоғалмаған

Кәсіпорындар дайын өнімнің бағасын көтерді. Себебі — шикізат пен логистика қымбаттап жатыр. Металл мен коммуналдық қызметтер – ең көп өскен шығындар қатарында.

Соған қарамастан, өндірушілердің көпшілігі алдағы 12 айда өндіріс көлемі артады деп үміттенеді. Олар жаңа тапсырыстар мен жарнамалық белсенділіктің арқасында нарық кеңейеді деп күтеді.

Сарапшы не дейді?

Freedom Finance Global қаржылық талдау департаментінің директоры Ерлан Әбдікәрімовтің айтуынша:

«Іскерлік белсенділік сақталып отыр. Алайда соңғы айдағы индекс – ең төменгі деңгейде. Бұл – сыртқы және ішкі қысымдардың әсері. Бірақ компаниялар алдағы уақыттан үмітін үзген жоқ.»

Сондай-ақ компаниялар алдағы жылы өндіріс көлемі артатынына сенімді, жаңа тапсырыстар артады деген үміт оптимистік күйге жетелеп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз