Алдағы үш жылда газ бағасы екі есе қымбаттауы мүмкін

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Газ бағасы қанша болады / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда жазда тауарлық газдың көтерме бағасы қымбаттамақ. Энергетика министрлігі арнайы қаулыны ашық талқыға шығарды.

2025 жылдың 1 шілдесінен бастап тауарлық газ бағасы көтеріледі. Бұл өзгеріс алдымен ірі коммерциялық тұтынушылар мен майнинг компанияларын қамтиды. Алдағы үш жылда көтерме баға жыл сайын орта есеппен 33%-ға артып отырады. Алайда министрлік газдың көтерме бағасы қанша болатынын нақтыламаған.

Министрлік бұл шешімді ел ішіндегі газ тапшылығының алдын алу және салаға инвестиция тарту қажеттілігімен түсіндіреді. Себебі қазіргі баға газ өндірісі, тасымалы және инфрақұрылымын жаңартудың нақты шығындарын жаппай отыр.

«Болжам бойынша, 2026 жылдан бастап газ тапшылығы күшейеді. Тауарлық газдың қазіргі бағасы өзін-өзі ақтамайды және салаға қауіп төндіреді», – делінген министрліктің хабарламасында.

Қазақстанның ауыл мен қаласына жаппай газ жүргізу мен өнеркәсіптің газға көшуі ішкі сұранысты күрт өсіріп отыр Болжам бойынша, 2028 жылға қарай газ тұтыну көлемі 21,2 млрд м³-тен 32,4 млрд м³-ке дейін жетуі мүмкін. Одан бөлек, газ инфрақұрылымын жаңғыртуға, жаңа кен орындарын игеруге қаражат қажет.

Өзгеріс кімге әсер етеді

Көтерме баға өсімі алдымен ірі кәсіпорындар мен майнинг саласына енгізіледі.
Ал халық пен әлеуметтік нысандар үшін газ бағасы реттеледі. Алдаңы уақытта көтерме баға екі есе өскенімен, халықтта сатылатын газ құны арзандау болуы мүмкін. Оны жергілікті әкімдіктер өздері бекітеді.

Энергетика министрлігі тұрмысы төмен отбасылар үшін жеңілдік пен қолдау тетіктерін дайындап жатқанын мәлімдеді. Мысалы, кейбір азаматтар үшін газ бағасына 24%-ға дейін жеңілдік қарастырылмақ.

Сонымен қатар, «Әлеуметтік әмиян» сияқты механизмдер арқылы қосымша шығындар өтелетін болады.

Жаңа ереже бойынша газдың көтерме бағасы әр өңірге жеке есептеледі. Бұл – тасымал мен сақтау шығындарының айырмашылығына байланысты жасалған қадам.

Үкімет елдегі тауарлық газ бағасы арзан деп есептейді. Газ бағасы алдағы уақытта көрші Ресейдегі бағаға жетуі мүмкін. Қазір  1 текше метр газдың көтерме бағасы 23,64 теңгені құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз