25 пайызға өсті: «ҚазМұнайГаз» топ-менеджерлеріне 700 млн теңге сыйақы төлеген

2024 жылы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының директорлар кеңесі мен басқарма мүшелеріне 705 миллион теңге сыйақы төленген. Бұл — 2023 жылмен салыстырғанда 22,5%-ға артық. Бұл туралы компания есебінде жазылған.
2023 жылы топ-менеджмент 575,5 миллион теңге көлемінде сыйақы алған. Оның ішінде:
- 86,8 млн теңге директорлар кеңесіне,
- 388,8 млн теңге басқарма мүшелеріне тиесілі болды.
Айта кету керек, 2023 жылғы соманың бір бөлігі – 196,4 мың АҚШ доллары (шамамен 89,6 млн теңге) – директорлар кеңесіне шетел валютасында төленген. Ал 2024 жылы бұл тәжірибе тоқтатылып, кеңес мүшелері тек теңгемен ақы алды.
2024 жылы директорлар кеңесіне – 207,2 млн теңге төленсе, (2023 жылмен салыстырғанда 10,9%-ға артық) басқарма мүшелеріне – 497,8 млн теңге берілді (28,1%-ға өсім).
Қазіргі таңда компанияда басқармада – 8 адам, директорлар кеңесінде – 9 адам жұмыс істейді. Олардың ішінде Асхат Хасенов – басқарма төрағасы әрі директорлар кеңесінің мүшесі ретінде екі органда да бар жалғыз тұлға. Ол бұған дейін Энергетика вице-министрі қызметін атқарған.
Егер сыйақыны тең бөлсек, әрбір топ-менеджер жылына орта есеппен 44 миллион теңгеден, яғни айына 3,67 миллион теңге алған.