Ұлттық банк мамырда Ұлттық қордан 1 млрд доллар валюта сатпақ

Сәуір айында Ұлттық банк республикалық бюджетті қаржыландыру үшін Ұлттық қордан 968 млн АҚШ долларын сатты. Бұл – сол айдағы жалпы валюта нарығындағы сауданың 18%-на тең. Орта есеппен күніне 44 млн доллар сатылған.
Ұлттық банк мамыр айында Ұлттық қордан валюта сатуды жалғастырады. Үкіметтің алдын ала берген өтінімдеріне сәйкес, бұл сома 950 миллионнан 1,05 млрд долларға дейін жетуі мүмкін.
Сәуір айында теңге бағамы 1,6%-ға әлсіреп, ай соңында 1 доллар – 512,48 теңге болды. Сонымен қатар бір күндік орташа сауда көлемі 243 миллионнан 246 млн долларға дейін өсті. Жалпы, ай бойынша валюта саудасының көлемі 5,4 млрд долларға жетті.
Ұлттық банк сонымен бірге алтын сату аясында сәуірде 213 млрд теңгені айналымнан шығарып, осылайша нарықтағы артық өтімділікті шектеуге тырысты. Мамыр айында да осы көлемге жуық валюта сатылады деген болжам бар.
Квазимемлекеттік сектор ұйымдары өткен айда түскен табысынан шамамен 308 млн долларды нарықта сатты.
Бұдан бөлек, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) активтеріндегі валюта үлесін 40% деңгейінде сақтау мақсатында сәуір айында 250 млн долларға шетел валютасы сатып алынған. Мамырда бұл көрсеткіш 250 млн доллардан аспайды деп жоспарланып отыр.
Айта кету керек, сәуірде Ұлттық банк тікелей интервенция (яғни, нарыққа белсенді араласпады) жүргізген жоқ.
Наурызда бас банк қордан 748 млн доллар сатқан болатын. Одан түскен қаржы республикалық бюджетке аударылды.
Биыл билік Ұлттық қордан 5,2 трлн теңге (2 трлн – кепілдендірілген, 3,6 трлн – нысаналы трансферт) қаржы алуды жоспарлап отыр