
2030 жылға дейін мемлекеттің үлесі бар 475 компания сатылады не таратылады. Үкімет шешімімен олар жекешелендіру тізіміне енбек. Осылайша Үкімет мемлекеттің экономикадағы үлесін қысқартуды жоспарлап отыр.
Премьер-министр Олжас Бектенов арнайы комиссия отырысын өткізіп, жекешелендіру бағытындағы нақты қадамдарды пысықтады. Жоспар бойынша кәсіпорындардың жартысынан астамы 2025–2026 жылдары жекенің қолына беріледі. Жалпы жұмыс 2030 жылға дейін жалғасады.
Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қазіргі таңда мемлекеттің экономикадағы рөлін азайтуға және орта бизнестің жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) қосатын үлесін арттыруға бағытталған шаралар атқарылып жатқанын баяндады.
Мемлекетте тек әлеуметтік маңызды салалар ғана қалады
Жаңа жоспар бойынша, мемлекет тек стратегиялық маңызы бар және әлеуметтік мәні зор салаларда ғана қалуы керек. Қалған секторлар жеке бизнеске беріліп, бәсекелестік орта дамуға тиіс.
2025 жылға дейінгі жекешелендіру жоспарына сай, биыл «Қазақстан Темір Жолы» QazaqGaz компанияларының IPO-сы өтуі тиіс. «ХИМ-плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «ШалқияЦинк» компаниясы сатылуы керек.
Бұған дейін Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған мұнай компаниясы жекешелендіру жоспарына енгізілген.