Арыстанбек Мұхамедиұлының әйелі отбасына жала жабылғанын айтып, үндеу жариялады

Сотталған экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлының әйелі Ғалия Ысқақова өзінің отбасына жала жабылғанын және өздерінен заңсыз негізде қомақты қаражат талап етіліп отырғанын айтып, президентке үндеу жариялады.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, мен Ысқақова Ғалия Нығметқызы – бұрынғы Мәдениет және спорт министрінінің әйелімін. Сізден көмек сұрауға мәжбүрмін. Қасым-Жомарт Кемелұлы, мен сізден Қарымсақов Серік Итенұлының заңсыз әрекеттерін тоқтатуды сұраймын», – деп бастаған сөзін экс-министрдің әйелі.
«Дипломат» қонақүйі
Ысқақова күйеуінің сотында сөз болған «Дипломат» қонақүйінің мәселесін қозғаған. Айтуынша, қонақүй иесі Серік Қарымсақов 2019-2022 жылдар аралығында «Дипломат» қонақүйін екі рет сатып, әділетсіз соттың көмегімен өзіне кері қайтарып алып, сатылымнан түскен миллиардтаған қаражатты қайтармаған.
«Бірінші рет «Дипломат» қонақүйі 2019 жылдың 24 мамырында GB CORP ЖШС-не 2,5 млрд теңгеге сатылды. Аталмыш соманы Қарымсақов «БанкЦентрКердиттегі» 600 млн теңге қарызын жабуға жұмсаған. Сонымен бірге Ақтау зауытының пластикалық массасын, мемлекеттік мүлікті 1,2 млрд теңгеге сатып алған. Осылайша «Дипломат» қонақүйін сатудан түсірген пайданы жұмсап тастаған соң, Қарымсақов GB CORP ЖШС-нің үстінен сотқа шағым түсіріп, қонақүйді сатпағанын мәлімдеді. Бұл шағымды сот қанағаттандырған. Нәтижесінде сатып алушы сотталып, 500 млн теңге берешек болып қалған», – дейді Ысқақова.
Ал екінші рет Қарымсақов қонақүйді Ғалия Ысқақованың анасына 2,7 млрд теңгеге сатқан. Ысқақова, Арыстанбек Мұхамедиұлының үстінен жүргізіліп жатқан қылмыстық іске байланысты, Қарымсақовтың осы мүмкіндікті пайдаланып, екінші рет сотқа шағым түсіріп, қонақүйді сатпағанын мәлімдегенін айтады. Ал сатып алуға жұмсалған қаражатты қайтармаған.
2,7 млрд теңгенің жыры
Бұдан кейін Ғалия Ысқақова Қарымсақовтан 2,7 млрд теңгені қайтаруды талап еткен.
«2023 жылдың 26 қазанында Қарымсақовқа 2,7 млрд теңгені қайтару туралы жазбаша талап жіберілді. Бұл ақша менің күйеуім үшін материалдық шығынды өтеу бойынша мемлекетке қайтарылуы керек болған. Қарымсақов бұл ақшаны қайтармау үшін менің үстімнен негізсіз шағым түсіре бастады. Қарымсақовтың шағымдануы бойынша менің үстімнен 3 рет қылмыстық іс қозғалды. Олардың барлығы қылмыстық құрамның болмауына байланысты тоқтатылды. Қарымсақов тергеу кезінде егер мен 2,7 млрд теңгені талап етуді жалғастырсам, мені түрмеге отырғызатынын ашық мәлімдеді. Менде бұл әңгімелердің аудиожазбасы бар. Қоқан-лоққы көрсетіліп жатқанына қарамастан, мен сотқа шағымданып, 2,7 млрд теңгені қайтаруды талап еттім», – дейді Мұхамедиұлының жары.
Экс-министрдің отбасы 4,1 млрд теңгеге биткоиндар алған ба?
Ғалия Ысқақова осы тұста Арман Байқадам деген тұлғаның пайда болғанын мәлімдеді. Айтуынша, сот кезінде Қарымсақов Байқадаммен сөз байласқан. Сотта Байқадам Мұхамедиұлының отбасына 4 млрд 131 млн теңгеге заң бойынша тыйым салынған биткоиндарды бергенін айтқан. Экс-министрдің әйелі мұндай сомадағы биткоиндерді бергені туралы ешқандай дәлел келтірілмегенін айтады.
«Бірінші сот менің Қарымсақовтан 2,7 млрд теңгені қайтару туралы талабымды қанағаттандырды. Бірақ Қарымсақов пен Байқадам аппеляциялық шағым түсіріп, сот отбасыма 4 млрд 131 млн теңгені қайтаруды міндеттеді», – дейді Ғалия Ысқақова.
Осыдан кейін Ысқақова Жоғарғы сотқа шағым түсірген. Бірақ оның шағымы сот коллегиясына кері қайтарылған. Олар да аппеляциялық соттың шешімін қанағаттандырып, заңсыз биткоиндерді экс-министрдің отбасынан қайтару туралы үкім шығарған.
«Қарымсақов пен Байқадам құқық қорғау органдарының әрекетсіздігін пайдаланып, тыйым салынған биткоиндерді бергені туралы әңгімені ойдан шығарған. Бірақ ешқандай дәлел келтірмеген. Егер құқық қорғау органдары тыйым салынған биткоиндерді аударғаны туралы фактілерді анықтаса, Байқадам мен Қарымсақов қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Қасым-Жомарт Кемелұлы, бұл заңсыздықты тоқтатуыңызды сұраймын. Бас прокуратураға, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне, Қаржылық мониторинг агенттігіне, Ішкі істер министрлігіне тапсырма беріп, олар бұл істі мұқият тексеруі керек», – деп мәлімдеді Ысқақова.
Еске сала кетсек, 2024 жылдың ақпанында сот болып, Арыстанбек Мұхамедиұлы қорғаушысымен және әйелі Ғалия Ысқақовамен бірге сотталған болатын. Мұхамедиұлы 2022 жылдың желтоқсанында «Дипломат» қонақүйін меншігінде ұстап қалу ниетімен өзінің адвокаты Мұстахим Төлеев арқылы лауазымды тұлғаларға аса ірі мөлшерде пара беруге оқталады. Ал бұл істе өзінің жұбайы Ысқақованы делдал ретінде жұмсайды. Бұл әрекеті үшін экс-министр 11 жылға, әйелі 6 айға, қорғаушысы 6 жыл 8 айға сотталады.
Экс-министрдің үстінен бірқатар қылмыстық істер бойынша сот болып, үкім шығып қойды. Сот шешіміне келіспеген Арыстанбек Мұхамедиұлы аппеляциялық шағым түсірген. Алайда 2024 жылдың тамызында Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі соты бірінші шығарылған сот үкімін өзгеріссіз қалдырды.