ШҚО-да Бұқтырма өзені арнасынан асып, аулаларды су басқан

Шығыс Қазақстан облысында Бұқтырма өзенінде су деңгейі көтеріліп, 10 үйдің ауласын су басқан. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«30 сәуірде екі күн бойы жауған жауын-шашын қардың қарқынды еріп, Бұқтырма өзені деңгейінің шектік деңгейден көтерілуіне әкелді. Сонымен қатар Зубовск кентінде жер асты суларының көтерілуіне және Поганка өзеніндегі бөгеттерден су төгілуіне байланысты 10 тұрғын үйдің және 3 ғимараттың іргелес аумақтарына су жайылды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Бұл оқиғадан кейін, ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов жұмыс сапарымен Алтай өңіріне шыққан. Өңір басшысы Бұқтырма өзеніне барып, су деңгейінің және Поганка өзеніндегі жер асты суларының көтерілу барысын тексерген.
Бұқтырма өзенінен жайылған суды ШҚО ТЖД мамандары арнайы құрылғымен сорып алды, бау-бақшалар мен аулаларды 4250 текше метр судан тазартқан. Сонымен қатар 2 мың қап құм төсеп, судың жайылуына тосқауыл қойылған.
«Құтқарушылар мен жергілікті атқарушы орган өкілдерінің бірлескен үйлесімді жұмысының арқасында тұрғын үйлерге су кірген жоқ. Бөгетті бекіту үшін 980 тонна тау жынысы әкелініп, 2000 дана қаптар дайындалып, бөгеттің ішкі жағынан дренажды жерлерге ұзындығы 60 метрлік полиэтилен үлдір төселді», – деп хабарлайды әкімдік.
Ал 1 мамыр күні дрон көмегімен Зубовск кентіне әуеден барлау жүргізілген. Нәтижесінде ауыл маңындағы бөгетті нығайту жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен бірге өңірде жедел штаб құрылған.
Өңірдегі су тасқыны қаупіне байланысты әкім жағдайды жіті қадағалап отыруды тапсырған.
«Су деңгейіне тәулік бойы мониторинг жүргізіліп отыр. Соңғы жедел ақпаратқа сәйкес, тұрғын үйлерді су басу қаупі жоқ, тұрғындарды эвакуациялау қажет емес. Бұқтырма өзеніндегі су деңгейі 73 см-ге төмендеп, 535 см-ді құрап отыр, қауіп сейілді. Су тасқыны жағдайы облыстық штабтың тұрақты бақылауында», – делінген баспасөз хабарламасында.