Соңғы қоңырау қай күні соғылатыны белгілі болды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Соңғы қоңырау
Соңғы қоңырау салтанатты шарасы мектеп әкімшілігінің шешімімен 23 немесе 24 мамыр күні өткізіледі / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Осы оқу жылының соңғы қоңырауы 23-ші немесе 24 мамыр күні соғылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Биылғы оқу жылының ресми аяқталуы жексенбі күнімен сәйкес келгендіктен, 11-сынып түлектері үшін салтанатты шара мектеп әкімшілігінің шешімімен 23-ші немесе 24-ші мамырда өткізіледі», – делінген баспасөз хабарламасында.

Барлық мектептер үшін соңғы оқу күні ретінде 23 мамыр бекітілген. Бұл күні ел мектептерінде «Білімім — Отаныма» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өткізіледі. Ашық сабақ барысында оқушылар мен ұстаздар оқу жылын қорытындылап, ең маңызды әрі қызықты сәттерді бірге еске алады.

«Бірыңғай сынып сағаты оқушылардың бойында білімге ұмтылыс, патриотизм және еңбекқорлық сияқты қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған», – деп хабарлайды министрлік.

Министрліктің мәліметінше, 34 аптаға созылатын оқу жылын бүкіл ел бойынша биыл 3,9 млн астам оқушы аяқтайды. Ал мектепті аяқтайтын түлек саны – 217 мың.

Осы орайда министрлік мектеп форматынан тыс, сән-салтанатты іс-шаралар ұйымдастыруға, ақша жинауға, автокөлікпен шеруге шығуға және басқа да мерекелеу шараларын ұйымдастыруға жол берілмейтінін ескертеді.

Айта кетсек, аяқталып жатқан 2024-2025 оқу жылының алғашқы қоңырауы жексенбі күні соғылған болатын. Ал енді дәстүрлі соңғы қоңырау өтетін 25 мамыр да жексенбі күніне түсіп отыр. Министрлік білім күнінің демалысқа түскеніне қарамастан, мерекелік шараны ауыстырмау туралы шешім қабылдаған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз