Жаңалықтар

Кеңес одағының батыры атанған қазақстандықтар кімдер


499 қазақстандық жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілген./фото: shutterstok
499 қазақстандық жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілген./фото: shutterstok

Кеңес одағының батыры атанған қазақстандықтар аз емес. Олардың ерлігі ұрпақтар үшін аңызға айналып та үлгерді.

Жалпы, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде КСРО-ның жауынгерлік орден-медальдарымен жүз мыңнан астам сарбаз марапатталған.

Ұшқыштар ерлігі

Ал 113 қазақстандық ІІІ дәрежелі Даңқ орденінің толық иегері атанды, арасында Кеңес одағының батыры атанғандар да бар.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, 499 қазақстандық жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.

Олардың қатарында ұшқыш Нұркен Әбдіров, Петр Теряев және Михаил Янко да бар. Олар капитан Николай Гастеллоның ерлігін қайталаған. Оқ тиіп, құлдырай бастаған ұшақтарын жаудың техникасына, оқ-дәрісі мен әскері тиелген эшелонына бұрып, ерлікпен қаза тапқан.

Ең жас батыр

Алтын Жұлдыз иегерлері Сұлтан Баймағамбетов, Ағаділ Сұхамбаев Иманғали Балтабанов, Сүндетқали Есқалиев, Иван Бабин, Буран Нысанбаев өз денесімен дзоттарды жауып, Александр Матросовтың ерлігін қайталады.

Кеңес Одағының Батыры атанған ең жас қазақ — 18 жастағы Жәнібек Елеуісов. Ол Днепр өзенін кесіп өту кезінде ерлік жасап, көз жұмған.

Әлия Молдағұлованың ерлігі

Батырлар қатарында қазақ халқының мақтанышы – пулеметші Мәншүк Мәметова мен мерген Әлия Молдағұлова бар. Олар – Шығыс пен Кавказ өңірлерінен шығып, Кеңес одағының батырлары атанған бірден-бір әйелдер.

Әлия Молдағұлова 18 жасында 78 фашист сарбазын өлтіріп, мергендігімен ел есінде мәңгі қалып отыр.

Пулеметшы Мәншік Мәметова

Пулеметшы Мәншүк Мәметова болса, Невель қаласы үшін шайқастарда қаза тапты. Пулеметшылар тобы үш жауынгерден тұрады. Мәншүк ұрыс кезінде қасындағы екі серігінен айырылады.  Өзі де жараланады. Бұған қарамастан Мәншүк бір пулеметтен екіншісіне еңбектеп ауысып жүріп, 72 неміс солдатының көзін жойды. Алайда, сол ұрыста өзі де қаза тапты. Батыр қыз ол кезде 21 жасқа да толмаған еді. Мәншүк Мәметованың есімі Орал әуежайына берілді.

Екі мәрте батыр атанғандар

Төрт қазақстандық ұшқыш, атап айтқанда, Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов және Сергей Луганский екі мәрте Кеңес Одағының батыры атанған.

Панфиловшы полковник, аты аңызға айналған әскери стратег Бауыржан Момышұлы да кейіннен Батыр атағы берілді.

Жеңіс тарихында тағы бір қазақ батырының есімі ерекше аталады. Ол – Рейхстагқа алғашқылардың бірі болып ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев еді.