Қазақ жүзігінің құпиясы

Жарияланды 2 Мамыр 2025 14:30

Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

General News бөлімінің тілшісі s.ostemir@kursiv.media
Қазақ жүзігінің құпиясын білетіндер бүгінде кемде-кем./shutterstock
Қазақ жүзігінің құпиясын білетіндер бүгінде кемде-кем./shutterstock

Қазақ жүзігінің құпиясы көп. Кейбір деректерге қарағанда, танысқан адамы туралы жүзігіне қарап көп мағлұмат алған.

Онда иесінің отбасы мүшелері, тұрмысы жайлы хабар беретін таңба бар. Қазақ оюларында осындай құпия сыр жатыр екен.

Алты күлте – алты бала

Бұл туралы ақсақал Нұрнияз Мұқанұлы мәлімдеді.  Оның коллекциясында түрлі құдағи жүзіктер бар. Айтуынша, бұл бұйымдарда иесінің кім екенін білдіретін жасырын белгілер кездеседі.

Мәселен, қазақ жүзігінің оюында екі ай бейнеленсе, екі қызы бар екенін білдіреді. Ортасында сопақша пішіні бар екі құлақша ою болса, ол – «екі атадан тараған көп ұрпақпыз» деген сөз. Гүлдің күлтесіне ұқсас өрнек жүзіктің төрт бұрышында тұрса, бұл «төрт құбаламыз түгел» дегеннен хабар береді. Күлтешенің көлемі кішірейсе және саны алтау болса, оны алты баласы бар әйелдер таққан.

«Қазақ мән-жәйді айтқызбай білген»

Нұрнияз Мұқанұлының оюлардың сырын жариялауы көп адамдарды қатты  таңырқатып отыр. Қазақ жүзігінің құпиясын білетіндер бүгінде кемде-кем.

«Атам қазақ мән-жәйді айтқызбай, сұрамай біліп тұрған! Не деген даналық, шіркін!», – деп жазды Ками Болатқызы.

Этнограф Құралай Баудиярова жүзіктердің өңірлерге қарай да әртүрлі болып келетінін алға тартып отыр. Айталық, батыс өңірде құдағы жүзіктің көлемі үлкен болса, Солтүстік-Шығыста құстұмсықты, Оңтүстікте әшекей тасты болып келеді.

Этнограф не дейді?

Құралай Баудиярова қазақ жүзігінің иесінің кім екенінен хабар беретінін растамады. Десе де, теріске де шығарған жоқ. Бұған қосымша деректі алға тартты. Оның айтуынша, жүзіктің соғылуына, материалына, асыл тастарды орнатуына қарай әлеуметтік жағдайын анықтауға болады.

«Бала саны және басқа да жеке ақпараттарды берген деп нақты айта алмаймыз. Бірақ әр өңірдің ою-өрнегіне, тасына, көлеміне байланысты әр аймақтың өз ерекшеліктері болған. Мұны мұражайдағы экспозициясындағы экспонаттардан да көруге болады», – дейді этнограф.    

Құралай Баудиярованың сөзіне қарағанда, мұндай көне жүзіктерді кейбір әйелдердің қолынан да байқай аласыз. ХІХ-ғасырда жасалған жүзіктерде мұндай ерекшеліктер айқын көрінеді.

Әшейкейлеріне қарап, қай өңірдің тумасы екенін білуге болады

Жасалу материалына қарай алтын жүзік, күміс жүзік, гауһар жүзік, жақұт жүзік түрлері болған. Жасалу тәсілдеріне қарай теңге жүзік, бұрама жүзік, шарбақ жүзік, күмбез жүзік, отау жүзік, шаңырақ жүзік түрлері бар.

«Үлкен, күмістен жасалған, бір немесе екі саусаққа тағылатын, дөңгелек пішінді жүзіктер тек қана батыс өңірге тән. Үшкір құстұмсық жүзіктер Қазақстанның Шығысы, Солтүстігі мен Орталық аймақтарында кездеседі. Ал оңтүстік өңірлерде тас орнатылған жүзіктер кеңінен тараған. Әшейкейлеріне қарап, қай өңірдің тумасы екенін анықтайтын болған», – дейді этнограф.

Бұдан былай Қазақстанның азаматтары сыйға тартылған құдағи жүзігінен бастап, Gucci сияқты бренд сөмкелерге дейін салық есебіне енгізуге тиіс болды.

Сондай-ақ оқыңыз