Садраддин қашан үйленетінін айтты

Жарияланды 2 Мамыр 2025 10:01

Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

General News бөлімінің тілшісі s.ostemir@kursiv.media
Садраддин қашан үйленетінін жоспарлап отырғанын айтты./instagram.com/sadraddinn, бильд-редактор: Милош Муратовский
Садраддин қашан үйленетінін жоспарлап отырғанын айтты./instagram.com/sadraddinn, бильд-редактор: Милош Муратовский

Садраддин қашан үйленетінін айтты.  Бұл туралы бірінші мамырда Алматы қаласындағы Almaty Arena-да жеке концертінен соң мәлімдеді.

Айта кету керек, өнер кешін он мыңнан астам алматылықтар тамашалады. Концертке «Музарт» және HasSak фольклорлы-этнографиялық тобы келді.

«Ғашық болып қалсам, ертерек үйленуім де мүмкін»

Концерттен кейін, Садраддин баспасөз мәслихатын өткізіп, жеке өмірі туралы сұрақтарға жауап берді. Садраддин қашан үйленетінін жоспарлап отырғанын айтты.  

«Қазір үйленбедім. Жұмысымды жасап, бастаған мансабымды әрі қарай жалғастырамын. Адамымды кездестірсем, сіздерге айтамын. Әзірге жоқ. Бәрі Алланың қалауымен. Десе де, отызға дейін үйленсем деген ойым бар. Ғашық болып қалсам, ертерек үйленуім де мүмкін. Қазір нақты айта алмаймын. Уақыт көрсетеді», –  деп жауап берді Садраддин Kursiv.Media cауалына.

«Ерекше дүниелер ұсынсам деймін»

Әнші қашан үйленетінін жариялаудан бөлек, алдағы жоспары туралы да айтып өтті. Ол аға буын әншілермен бірге өнер көрсеткісі келеді.

«Менің арманым – аға буын әншілермен дуэт орындау. Қазір ән жазып, жаңа материалдармен жұмыс істеп жатырмын. Болашақта бәрін көрерсіздер. Ерекше дүниелер ұсынсам деген ойдамын», – деді Садраддин.

Садраддинге қандай жанрда ән айтқан ұнайды?

Садраддин бұл концертте тәжірибе жасап, қашан үйленетінін сұрайтын тыңдарманды қуантып, жанкүйерлерді жаңа жанрларымен баурады. Өзіне қай жанрдың жақын екенін де айтып берді.

«Бүгін айтылған жанрдың қатты ұнағаны – рок. Себебі осыған дейін концерттерде айтпаған нұсқада орындадық. Залдағы және экранның арғы жағындағы көрермендерге де қатты ұнады деген ойдамын. Концерт өзіме де ұнады. Әдетте концерт соңында шаршау болатын еді. Қазір тағы да концерт өткізуге болатын сияқты», – деді Садраддин.

Жұлдыз ауруына шалдықты ма?

Жұлдыз ауруына шалдықты деп айыптаушыларға да жауап беріп өтті.

«Білмеймін. Оны менің айналамда жүрген адамдардан сұрау керек. Бәріне ашықпын. Жақсы адамдармен сөйлескен ұнайды. Жақсы адамдардан жақсы энергия келеді. Адамдардың энергиясы бір-біріне сезіледі. Бұған сенемін», – деді ол.

Садраддинның тыңдармандары өте көп. Youtube-та «Жауап бар ма?» әні 60 млн, «Мелодрама» – 65 млн, «Айға қарап» 65 млн қаралым жинаған.

«Мықтап дайындалғанда, концерт жақсы өтеді»

Бір сөзбен айтқанда, кеш өте жоғары деңгейде өтті. Садраддин репертуарындағы әндерін түрлі жанрда орындап шықты. Оның өнерін бағалаушылар керемет әсер алғаны анық.

Ол бұл концертке желтоқсан айынан бастап дайындала бастаған.

«Мықтап дайындалғанда, концерт жақсы өтеді. Міндетті түрде дайындық жасау керек» – деді Садраддин.

Концерттің ерекшелігі неде?

Red Bull Jukebox — жай ғана концерт емес, бұл — жанрдан бастап сахналық образға дейінгі барлық шешімдерді көрермен қабылдайтын тәжірибе.

Әр көрерменде жарық түсетін білезік болды. Ол дауыс берген нұсқаға байланысты қызыл не көк түске боялды. Бірнеше секунд ішінде бүкіл арена жарқырап, нақты нәтижені көрсететін үлкен экран іске қосылды. Жасанды интеллектпен жабдықталған камералар сәтте-ақ сигналдарды тіркеп, жүйе дауыстарды есептеп отырды.

Мұның алдында Садраддин, Жанар Айжанова, Роза Зергерлі, Бурак Өзчевиттің наурызда өткізген концерттері туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз